Шымкентте ақылды газ талдайтын арнайы құрылғы үш адамның өмірін арашалады, деп жазады қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, жыл басында қалалық цифрландыру басқармасы Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе «ProLife» компаниясымен пилоттық режимде қала аумағындағы 10 тұрғын үйге және №6 емханаға ақылды газ талдайтын датчиктер орнатылған болатын.
7 наурыз күні кешкі сағат 19:30-да Әл-Фараби ауданы Ақмола көшесінде орналасқан тұрғын үйдегі газ талдағыштар дабыл соққан. Оқиға орнына «Интергаз Центральная Азия» АҚ-ның мамандары тексеру жүргізген. Тексеру барысында улы газдың мөлшері 0,3 пайызға шамадан тыс болғаны анықталған. Улы газ мөлшерінің арту себебі үй ішінде орнатылған тас пештің кранынан газ өткізуінен болған.
Оқыс оқиға кезінде үйде анасы мен екі баласы болған. Зардап шеккендер жоқ.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, қаладағы 30 мыңға тарта тұрғын үй осындай ақылды газ талдайтын датчиктер орнатуды қажет етеді.