Шымкент қаласындағы физика — математика бағыттағы NIS-тың 9 «Е» сынып оқушысы Зейна Бижанова Халықаралық ғылым, мәдениет және өнер академиясы өткізген (Париж қаласы, Франция) Халықаралық ғылым фестивалінде ІІ орынға ие болды.
Зейна байқауға лингвистика секциясы бойынша «Заманауи интернет жанрлары» жұмысын ұсынған. Ол өз жұмысында бүгінгінің өзекті мәселесі – Интернет желісінің заманауи жанрларын, олардың тілдік ерекшеліктері мен сөйлеудің стилистикалық фигураларының рөлі тақырыбын талдайды.
Автордың пікірінше, интернеттегі жаңа жанрлардың пайда болуы және олардың артуы аудиторияға әсер етудің құрал-әдістері жиынтығын едәуір кеңейтіп, желі қолданушыларының сөйлеу мәдениетіне үлкен әсерін тигізеді.
– Тақырыптың өзектілігі – айқын эмоционалдылыққа ие бұл тілдік қабаттың уақыт өткен сайын біздің сөйлеуімізге ықпал етіп, тілдік қолданысымызға етене енуінде. Алдымызда осы жаңа жанрлардың тілдік және стилистикалық ерекшеліктерін анықтау және оларды сауатты пайдалану проблемасы тұр, – деп атап өтті жоба жетекшісі, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Ермекбаева.