Шымкенттік оқушы халықаралық конкурстың жеңімпазы атанып, тағы бір жүлделі орынды қанжығасына байлады, деп жазады қалалық ақпараттық — коммуникациялыққа сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі.
Алматы қаласында жыл сайын дәстүрге айналған Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының ХІ халықаралық онлайн конкурсы өтті.
Аталған конкурс техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазССР ҒА-ның академигі, ҚР Инженерлік академияның академигі, ҚазССР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Өмірбек Жолдасбековтың 90 жылдық мерейтойына тұспа — тұс келді.
Конкурстың негізгі мақсаты – математика және механика саласындағы ғылыми-зерттеу саласына қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды анықтау.
Бұл халықаралық конкурсқа Шымкент қаласы Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясының 11-сынып оқушысы Кенбаева Ариана қатысты. Оның қолданбалы математика секциясы ұсынған ғылыми жобасы үздік шығып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сайысқа Түркия, Индонезия, Франция, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Қазақстанның барлық өңірлерінен 166 жобамен 218 оқушы қатысты.