ТМД елдерінде теңдесі жоқ кәсіпорын Шымкентте орналасқан, деп жазады қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі.
Оңтүстік Корея технологиясымен жұмыс істейтін «Marai E7 Group» ЖШС баламасы жоқ өнімдерімен танымал. Зауыт халықаралық стандарттарға сай келетін 17 медициналық бұйым өндіреді. Қазіргі таңда отандық ортопедиялық жабдықтардың бағасы басқа өндірушілерден қарағанда әлдеқайда төмен.
Кәсіпорын жылына 500 000 таңғыш пен 274 000 ортопедиялық заттар шығарады. Өнімнің бұл түрі әртүрлі сынықтарға қолданылады және оның жеңілдігімен, икемділігімен және тез қатаюымен ерекшеленеді.
Өткен жылы эпидемиологиялық ахуал өршіген кезде «Даму» Қоры қолдау көрсетті. Кәсіпкер екінші деңгейлі банктен 14,95% несие рәсімдеп, 8,95% «Даму» қоры субсидиялады.
Бүгінгі таңда «Marai E7 Group» компаниясының өнімдері аллергия тудырмайтын, ылғалданбайтын, ісінбейтін және рентгендік диагностикаға кедергі келтірмейтін сапалы өнімдерімен сұранысқа ие. Әзірге ТМД елдерінде теңдесі жоқ кәсіпорынның Шымкент қаласында ашылып, бүгінде сұранысқа ие кәсіпорындардың біріне айналып отырғаны көңіл қуантады.