Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «КӨРМЕ» ОРТАЛЫҒЫНДА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

«КӨРМЕ» ОРТАЛЫҒЫНДА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында «РАМАЗАН – қайырымдылық айы» акциясы аясында және конфессияаралық қатынастарды нығайту мақсатында қайырымдылық шарасы өтті.
Бұл жолғы қайырымдылық іс-шарасында емхана мен ауруханалардың кіші буын қызметкерлеріне азық-түлік себеттері үлестірілді. Ізгі шараға «Евангелия сеніміндегі христиандар одағы» ұйымы қолдау көрсетті.
Аталған ұйымның Қазақстанның Оңтүстік өңірлері бойынша өкілі Андрей Шаталовтың айтуынша, қайырымдылық акциясы аясында жалпы сомасы 700 мың теңгеге көпбалалы немесе әлеуметтік жағдайы нашар денсаулық сақтау мекемелеріндегі 140 кіші буын қызметкеріне азық-түлік себеттері таратылды.
– Қасиетті Ораза айының құрметіне орай және еліміздегі діни бірлестіктер арасында сенім мен өзара байланысты нығайту мақсатында қаладағы әлеуметтік көмекке мұқтаж медицина мекемелерінің кіші буын өкілдеріне ауызашарға деп азық-түлік себетін тартуды ұйғардық. Мүбәрак айдың бірінші күні Шымкент қаласы әкімінің атынан азық-түлік себеті таратылса, екінші күні «ОтауСтрой» компаниясының басшысы Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен әлеуметтік көмекке зәру отбасылар сыйлық ретінде бір-бір қораптан азық-түлік алды. Енді міне Оразаның үшінші күні қаладағы протестант діні өкілдерінің басын құраған ұйым бүгінде маңыздылығы арта түскен сала – медицинаның кіші буын қызметкерлеріне қайырымдылық көрсетуге бел буыпты. Бұл акция Рамазан айы аяқталғанша үзілмейді, яғни тұрмысы төмен азаматтарға көмек беру іс-шарасы оразаның отыз күні біткенше жалғасын табады, — деді Шымкент қаласы Дін істері басқармасы бөлімінің басшысы Бақыт Төлемісов.
Рамазан айында азық-түлік себетін алған қалалық перзентхана қызметкері К. Өмірбекова өз ризашылығын жеткізді.
– Қайырымдылық акциясы аясында берілген азық-түлік себеті маған да бұйырыпты. Осындай ізгі амалмен сауапқа кенелуге ұмтылған қамқор азаматтарға, қоғамның тыныштығын, әлеуметтік қамсыздандыруды көздеген қалалық әкімдікке зор ризашылығымды білдіремін, — деді ол.
Айта өтейік, қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырға дейін жалғасады.

Пікір жазу