Әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандықтардың бірі — дәрігер. Ақ халатты абзал жан деген теңеу де — осының айғағы. Науқастанып, жаныңыз қиналғанда дертке шипа беретін де — осы мейірбан адамдар.
Вячаслав Ли – өңірдегі үздік дәрігерлердің бірі. Білікті маман сегіз жылдан бері денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Ол еңбек жолын № 1 қалалық клиникалық ауруханасынан бастап, осы күнге дейін аталған ауруханада жұмыс істейді.
Нефролог мамандығы бойынша Оңтүстік Корея клиникаларында біліктілігін арттырып, шетелдік дәрігерлермен «трансплантациядан кейін пациенттерді жүргізу» және «бүйрек трансплантациясы» тақырыбында шеберлік — сағаттар өткізген.
Дәрігер Слава барлық шұғыл және жоспарлы операциялар, бүйрек биопсиясы, гемодиализ және ағза алмастыру отасын жасайтын білікті маман. Славаның ұлты кәріс болғанымен, қиындықсыз қазақ тілін меңгерген.
Жас болса да үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін дамытып отырады. Өйткені, ол үшін науқастың дертіне дауа, сырқатына шипа табылып, айығып кетуіне куә болудың өзі — бір бақыт.
Қазақшаны еркін білетін ақ халатты абзал жан жылына нефрологиялық ақауы бар 300-ден аса науқасты емдейді.