Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТКЕ ОТАНДЫҚ ВАКЦИНАНЫҢ 4 МЫҢ ДОЗАСЫ ЖЕТКІЗІЛДІ

ШЫМКЕНТКЕ ОТАНДЫҚ ВАКЦИНАНЫҢ 4 МЫҢ ДОЗАСЫ ЖЕТКІЗІЛДІ

Шымкентте отандық вакцинаның 4 мың дозасы жеткізілді. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Замира Есенғараева мәлімдеді.
– Шымкентте коронавирусқа қарсы «SPUTNIK V» вакцинасының I компонентін 78 мыңнан аса адам қабылдады. Ал ерікті түрде вакцина алушылардың өсуіне байланысты қаладағы екпе егу пунктілерінің саны 42-ге жетті. Сонымен қатар елімізде 26 сәуірден бастап ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген отандық «QazVac (QazCovid-in)» екпесінің бірінші партиясы қолданысқа енгізіліп отыр. Осы орайда бүгін үшінші мегаполиске «QazVac»-тың 4 000 дозасы жеткізілді. Бұл екпелер қаладағы барлық емхана мен вакцинациялау орнына таратылды. Айта кетерлігі, тұрғындар екпе қабылдау кезінде екі вакцинаның қалағанын таңдай алады, – деді Замира Шарбанқызы.
Спикердің сөзінше, отандық «QazVac» – коронавирустық инфекцияға қарсы белсенділігі жойылған, бұлшықет ішіне енгізуге арналған суспензия түріндегі вакцина. Аталған екпе 18-ден асқан адамдарға 21 күндік интервалмен екі рет салынады. Бұл ретте қала емханаларындағы екпе егу кабинетінің барлығы қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек, жылжымалы егу пунктілерінде вакцинациялау жүргізілуде. Ал вакцинациялауға қатысатын қызметкерлер арнайы оқытудан өткен.
Брифинг барысында Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев қала тұрғындарын жаппай вакцинацияға шақырып, қоғамдық иммунитет қалыптастыру қажет екенін жеткізді.
Айта кетейік, COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина салдыру оразаны бұзбайды. Ал екпе егу күнделікті сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жүргізіліп отыр. Бұл ретте екпе бойынша сауалдарға байланысты «109» немесе 39-33-47 нөміріне хабарласуға болады.

Пікір жазу