Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » «ЖЕТІ ТҰҒЫРДЫ» ТҮГЕНДЕУ – ЖАҢА БУЫНҒА АМАНАТ

«ЖЕТІ ТҰҒЫРДЫ» ТҮГЕНДЕУ – ЖАҢА БУЫНҒА АМАНАТ

Жуырда өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынғаны белгілі. Бұл әлемдік тәртіптің даму үрдістерін терең талдауға негізделген іргелі еңбек. Бұл – Елбасы осыған дейін жариялаған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Рухани жаңғыру» мақалалары мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының заңды логикалық жалғасы.

Жеті – қазақ үшін қашанда киелі сан. Осы тұрғыдан қарағанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жас ұрпаққа үндеу ретінде жолдап отырған бағдарының мәні ерекше деп білемін. Бұл – елдіктің, ертеңгі күнді ойлаудың әңгімесі. Тәуелсіздік, бірлік пен келісім, жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек, прагматизм деп 7 түрлі бағытта бөлінген әр тұғырдың келешекке бағдаршам болар идеологиялық мәні зор.


Мұндағы соңғы алтауы ең алғашқы қағида Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған деп ойлаймын. Өйткені Тәуелсіздік жоқ жерде, жоғарғыда айтылғандардың ешбірі болмайды. Ал қандай да бір халық өзінің болашағы үшін саяси шешім қабылдауда стратегиялық бағыт-бағдарын белгілеуде еркін болмаса, онда толыққанды мемлекет жайлы сөз қозғау мүмкін емес.

Тәуелсіздіктің 30 жылын артқа тастаған елімізде ауыз толтырып айтар оң өзгеріс көп. Біз 30 жылда ғасырға тұрарлық ғаламат істер атқарып, сынаққа толы күрделі жолдан өттік. Егемен ел болып, экономиканы нығайтып, халықтың тұрмысын жақсарттық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шаңырағымызды шайқалтпай, жүзден астам этноспен, қырықтан астам конфессия өкілдері мекендейтін елімізде бірлікпенен келісімді сақтаудың маңызы зор болды. Отыз жылда Қазақстанды әлем жұртшылығы тәуелсіз экономикасы қуатты, бейбітсүйгіш мемлекет ретінде мойындады. Арқа төсінде жаңа Астанамызды салып, Ұлтымыздың рухани орталығы Түркістан қаласын қайта түлеттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен миллионды қала Шымкенттің өз алдына республикалық қала мәртебесіне ие болғаны жасыл қаланың екінші тынысын ашты. Мұның бәрі бірлесе атқарылған жұмыстың, маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалардың жемісі.
Елбасы бұл үндеуінде: «Ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз» деді.

«Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым. Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған. Біз Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық. Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз», — деген Елбасы өзінің «өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барын салғанын» айтады.

Қазақстан халқының бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде саналы прагматизмді тәрбиелейтін, заманауи қоғамның шындығын ескере отырып, біз өзін-өзі қамтамасыз ететін, болашаққа сенімді қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастырудамыз, олардың көбі өздерін халықаралық мәдени, білім беру, ғылыми, спорттық платформаларда жария етті.

Ғылым мен білімді дамытуда қыруар шаруалар атқарылды. Тәуелсіздік жылдарында 1,5 мыңнан астам жаңа мектеп салынды. Әлем стандарттарына сай келетін Назарбаев Университеті мен 21 Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылды. Тәуелсіздік жылдарында білім мен ғылымды одан әрі дамытудың берік іргетасы қаланды. «Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері осы бірегей стипендия бойынша көптеген қазақстандық әлемнің үздік оқу орындарында білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Елбасы «табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек ету» екенін үнемі айтып келеді. Жалпы алғанда Елбасы санамалап өткен бұл құндылықтар әрбір жастың жетістікке жету, қоғамға пайдалы адам болып, өнім беру жолындағы басты қағидаларына айналуы тиіс.

Елбасы Н.Назарбаев аталған құжат арқылы Тәуелсіздіктің негізгі жеті тұғырын тайға таңба басқандай анық көрсетіп берді. Егемен елдің саналы ұрпағы онда айтылған әрбір ойды терең қабылдап, жадына құйып қоймай, рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жетуге ұмтылуымыз қажет. Елбасының үндеуі барымызды бағалап, тәуелсіздік деген киелі ұғымды сақтап қалуымызға жол нұсқайды. «Осы құндылықтар әсіресе, еліміздің ертеңі – жас ұрпақ үшін ерекше маңызды. Әлбетте, бұл тұғырды тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат. Жеті тұғырды жастарымыз ғана емес, әрбір ел азаматы ұстануы маңызды деп ойлаймын. Өйткені, елдігіміздің бекем болуы осы қағидаттарға тығыз байланысты екенін айқын көріп отырмыз. Мемлекеттілігімізді қадірлеп, көздің қарашығындай қорғау – әркімге де міндет.

Нарымбетов Бахадыр Мәдәліұлы,
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы

Пікір жазу