15-мамырда бүкіл әлем жұртшылығы халықаралық отбасы күнін атап өтеді. 1993 жылдан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр.
Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін , мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі.
Осы орайда, Халықаралық отбасы күні мерекесі аясында Шымкентте Арбат демалыс аймағында «Отбасым – менің тірегім» атты іс-шара өтті. Мерекелік кеште цирк өнерпаздары қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлап, түрлі бағытта қойылымдар қойды. Балаларға арасында танымдық ойындар ұйымдастырды. Шаһадағы рухани ордалар – 5 кітапхана оқырмандарға кітап көрмесін жасақтады.
– Бүгінгі мерекеде «Отбасы» әдебиеттерінен құралған кітап көрмесін ұсынып отырмыз. Жалпы мекемеміз отбасы құндылықтарын әрқашан дәріптеп келеді,- деді Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Гүлжан Талғатқызы.
Іс-шарада «Кел, бірге ойнайық!», «Клубничное Королевство», «Құлақсыздың жазасы», «Қағидалар қаласы» атты балаларға арналған ертегілер қойылды. Танымдық бағдарламалар күні бойына жалғасатын болады. Отбасылар арасында сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады, -деді Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет бөлімінің бас маманы Динара Серікқызы.
Айта кетейік, 2013 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген болатын.
Айдана МҰХТАРОВА