Шымкент қаласында көшелерді жарықтандыру жүйесін басқарудың жаңа диспетчерлік орталығы іске қосылды. Орталық жұмысымен қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Нигметұлы Болатбеков таныстырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілетеме жасаған Didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жоба қалалық цифрландыру басқармасымен бір жүйеге қойылған. Осылайша алдағы уақытта «Ақылды қала» жобасы аясында шаһардағы жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру көзделіп отыр.
– Диспетчерлік пунктің жұмысы автоматтандырылған. Тәулік бойы оператор барлық жүйенің жұмысын бақылап отырады. Тағы бір айта кетерлік ерекшелік – мамандар жарық шамның іске қосылу мерзімін жыл мезгілі, күннің шығуы мен күннің батуына орай өзгертіп тұрады. Мысалы, қазіргі таңда шамдар кешкі 21:00-де жанып, таңғы 5 жарымда өшеді, – деді қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Нигметұлы Болатбеков.
Сонымен қатар, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жүйені күтіп — ұстау, автоматтандырылған желіге қосумен «АВМ Building» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Аталған мекеме Шымкент қаласында өткен жылдың наурыз айынан бері жұмыс істеп келеді.
Сондай-ақ, Диспетчерлік орталықтың штатында бес адам жұмыс істейді. Ауысым бойынша күндіз екі маман, түнде бір диспетчер кезекшілікте отырады.
Айта кетейік, қазіргі таңда орталық жүйесіне 40-қа жуық көше қосылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін ондай көшелер санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта әр шамның пайдаланатын электр энергиясының киловаты, түнде көлік қозғалысы баяулағанда шамдардың жарық беру пайызын автоматты түрде төмендету арқылы энергия үнемдеу сияқты функцияларды іске қосу жоспарланып отыр.