Шымкент қалалық клиникалық балалар аурухасында алғаш рет Арнольдо Киари синдромына шалдыққан науқасқа ота жасалынды. Сирек кездесетін мұндай дерт түрінің жалғыз емі — операция ғана. Дәрігерлер күрделі отаны 15 жастағы ұл балаға жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Мамандар науқасқа диагностикалық тексеру жүргізіп, диагнозын дер кезінде нақтылай білген. Жасөспірімнің өмірін аман алып қалу үшін қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері күрделі ота жасауға дер кезінде шешім қабылдайды. Жоспарлы операция сегіз сағатқа созылып, хирургтар науқастың миындағы ауытқуды хирургиялық жолмен емдеді. Нәтижесінде науқастың ақыл есінің жұмыс істеу қабілетін жақсартып берді.
Шымкент қаласында мұндай ота түрі алғаш рет жасалып отыр. Бұған дейін науқастар Нұр-Сұлтан қаласындағы емдеу орталығына жіберілетін. Енді балалардың мұндай күрделі операциясын қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері де жасайтын болады.
– Операция барысында науқастың басының арт жағынан шүйде аймағының шөуде сүйегі дөңгелетіп кесіп алынды. Бірінші мойын омыртқасы алынады. Мидың өзінің қатты қабаты бар. Біздің мақсатымыз мишықты бос жатқызу. Мишықты босату арқылы синдромды емдейміз. Арнольдо Киари синдромның асқынуы науқасты шизофренияға, тіптен мүгедектікке әкелуі мүмкін. Дерттің жалғыз емі, уақытылы жасалған операция ғана екені бүгінге дейін ғылыми түрде дәлелденген, — дейді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер — нейрохирургы Самат Көкшібаев.
Айта кетейік, күрделі отадан кейін науқастың жағдайы жақсы. Бүгін жасөспірім жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің медицина саласы жоғары қарқынмен дамыды. Бұрындары ауыр отаны жасату үшін азаматтар шетел асса, қазірде елімізде де жасалып жатыр. Сөз жоқ, соңғы кездері Шымкент қаласында да ауыр оталар сәтті өтуде.