Шымкент қаласында қала күні мерекесіне орай «Тассай» индустриялық аймағында 250 жаңа жұмыс орны ашылып, 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның бірі — кеңсеге, мектепке шкафтық жиһаздар мен жиһаздар шағаратын «Mega Smart B2B» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл туралы өала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жаңа фабриканың ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан қатысты. «Қаламызда мемлекеттік қолдау арқасында жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала экономикасы өсімінің негізгі алаңдары болып табылатын арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлінуде. Қала күніне орай «Тассай» индустриялық аймағында іске асырылған жобалар санын жиырмаға жеткізіп отырмыз. Сол кәсіпорындардың бірі – «Mega Smart B2B» жиһаз фабрикасы болып табылады» деген Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан кәсіпорынды ашылуымен құттықтады.
Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 млн.теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы.
Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясат аясында Шымкентті индустриалды қала ретінде дамытуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қабылданған «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде Шымкент өнеркәсіп пен сауданың орталығына айналып отыр.