Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов Қаратау ауданына қарасты Ақжайық шағынауданын инжинерлі-инфрақұрылыммен қамту барысын тексерді. Қазір мұнда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде, деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Сметалық жобаға сәйкес, ұзындығы 22,1 шақырым кәріз жүйесі салынып, ол үшін бюджеттен 686,1 млн теңге қаралып отыр. Құрылысы биыл басталған нысанда қазір жұмыстың 10 (2,5шқ) пайызы орындалған. Жұмысты аяқтау мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланған. Пайдалануға берілгенде шағынаудандағы 4200 үй кәріз жүйесіне қосылады. Жаңа кәріз жүйесін шағынаудан халқымен бірге кәсіпорындар, мектеп пен балабақшалар да пайдаланады.
Ақжайық шағынауданында 35 көпқабатты, қалғаны жеке тұрғын үйлер.
Ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған. Қазір шағынаудан аумағында 3 мектеп пен 12 балабақша бар.
Өткен жылы 8 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Биыл 10 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілуде.
Шағынауданда осы жылы 13 көше орташа жөндеуден өтпек. Атап айтқанда Жағатай көшесінің жалғасы, Оразбай ата, Бетеге жалғасы, Жағатай көшесінің жалғасындағы атауы жоқ көше, №12 көше, Сарбаз көшелеріне асфальт төселеді.
Жоспарға сәйкес, жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары қаланың орталық көшелері ғана емес, ауданның ішкі орамдық көшелері де қамтылады. Бүгінде жоспарланған 308 көшенің 145 көшесі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, бүгінге дейін Ақжайықта 8 көше жарықтандырылған. Биыл Балқарағай, Асфендияров көшесі жарықтанса, 2023 жылы Байсбаев пен Қарасай, 2024 жылы Спанов пен Уали ата көшелеріне кешкі шам орнатылады.
Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр.