«Шымқала» тарихи- мәдени кешенінде қала күніне орай «Ортағасырлық Шымқала керуені» мерекелік іс шарасы өтті, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі Шымкент келбеті газетіне сілтеме жасап.
Іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына көне Шымкент қаласының тарихын насихаттау, ұмыт болған салт-дәстүрлермен таныстыру, дәуірлер бойынша танымдық ойын-сауық ұйымдастыру, көне шаhардың дәстүрлі базарларын жаңғырту, сондай-ақ, салттық өнер мен сазды қойылымдар арқылы мәдени мұраларды ұлықтауды мақсат еткен.
Сонымен қатар, мерекелік жиын «Шымқала» тарихи-танымдық сағатымен басталды. Кешенге келуші қонақтарға Шымкент шаһарының өткені мен бүгінін таныту, келешек ұрпаққа терең тарихын насихаттау мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
«Көне Шымқаладағы ұлттық бұйымдар» жәрмеңкесінде ұлттық нақышта жасалған қолөнер шеберлерінің ағаштан, жүннен және былғарыдан жасалған бұйымдарынан сауда-саттық көрмесіне түрлі заттар қойылды. Қолөнер бұйымдарын жасаудан шеберлік сабақтар өтіп, ұмыт бола бастаған ұлттық бұйымдарымыздың жасалу жолы көрермендерге көрсетілді.
Сонымен қатар, қала тұрғындары ашық алаңда ұлттық ойындар , яғни аударыспақ, асық ату және қол күрес, сондай-ақ, арқан тарту мен тоғызқұмалақ ойындарын тамашалады.
Мерекелік іс-шарада театрландырылған қойылым ұсынылып, этно-фольклорлық концертте ұлттық аспаптар насихатталды.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Шымкент қаласына республикалық дәреже беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері 19 маусым Шымкентте Қала күні ретінде аталып өтіледі. Яғни бұл күн Шымкент қаласының мерейлі мерекесі. Биыл мегаполистің туған күнін 4-ші жыл тойлап отырмыз.
Шымкент қаласы күніне орайластырылған шаралар жалғасын тауып, қала тұрғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлайтын болады.