Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған.
Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Он магистральды көшенің төртеуі жаңа, алтауы өткен жылдан өтпелі құрылыстар. Айта кетейік, жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр. Сондай-ақ, қалада биыл 122 шақырым жолға шағал тас төселеді. Одан бөлек тұрғындар көтерген мәселенің осы кезге дейін 28-і орындалған. Бұған дейін болған жалпы 68 мәселе көтерілген болатын. Бүгінде оның 28-і толық орындалып, тұрғындардың өтініші қанағаттандырылған. Ал 29 тапсырма орындалу үстінде. Сондай-ақ, тұрғындардың 5 өтініші тұрақты бақылауды қажет етсе, 2 ұсыныс келесі жылы жүзеге асырылмақ.
Мәселен «Сәуле» шағын ауданынан жүретін қоғамдық көліктердің «Қазығұрт» шағын ауданына дейін ұзарту туралы өтініш берілген болатын. Нәтижесінде №96 және №43 маршруттардың қозғалыс сызбасы өзгертіліп, тұрғындарға қолайлы етіп жасалды.
Сондай-ақ, 195 орамдағы Қырыққыз көшесін жарықтандыру бойынша ұсыныс бірден назарға алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аталған көшеге 31 жарық шамдары орнатылды.
Ал, Әл-Фараби ауданының үй басқарушылары мен белсенді азаматтарынан құрылған кеңесте инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, тазалық сынды әлеуметтік мәселелер шешімін табуда.