Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Шымкентте қала күніне арналған кереметтей іс-шараның бірі шаһарымыздың сүйікті демалыс орны Абай саябағында өтіп жатыр, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі Шымкент келбеті газетіне сілтеме жасап.

Алдын ала іріктеуден өткен  он алты отбасы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтайтын «ОтбасыFest» байқауында бақтарын сынауда.

Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарының қуанышымен бөлісуге келген шаһарымыздың бас ұстазы, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиева сайыскерлердің барлығына сәттілік тілеп, жиналған қауымды Қала күнімен шын жүректен құттықтады.

— Отан — отбасынан басталады. Сондықтан мемлекет іргесі мықты болу үшін отбасы институты берік болуы тиіс. «ОтбасыFest»-тің көздеген мақсаты да осы. Орын алудан бұрын сахна төріне шығып, жұртшылыққа өнерін таныстырған, отбасы тәрбиесіндегі үлгісі мен тәжірибесін көрсетудің өзі бір бақыт. Біз үшін әлемде жоқ Шымқаладай әсем шаһар біреу ғана. Сондықтан оның дамуына, өркендеуіне үлес қосу әрбір саналы азаматтың парызы, — деді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиева.

Сондай-ақ, байқау шарты бойынша отбасылар алдымен өздерін таныстырады. Сосын келесі сайыста өнерлерін ортаға салып жарысады. Соңғы турда спорттық сайыстан жүлдеге таласады.

Сонымен қатар, жарысқа Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен қалалық білім басқармасының өкілдері қазылық етуде.

«ОтбасыFest» байқауында жеңіске жеткен отбасылар бағалы сыйлықтарға ие болады.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Шымкент қаласына республикалық дәреже беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері 19 маусым Шымкентте Қала күні ретінде аталып өтіледі. Яғни бұл күн Шымкент қаласының мерейлі мерекесі. Биыл мегаполистің туған күнін 4-ші жыл тойлап отырмыз.

Пікір жазу