Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТІҢ КӨГІНДЕ ДОМБЫРАНЫҢ ҚОҢЫР ҮНІ ҚАЛЫҚТАДЫ

ШЫМКЕНТТІҢ КӨГІНДЕ ДОМБЫРАНЫҢ ҚОҢЫР ҮНІ ҚАЛЫҚТАДЫ

Бүгінгі кеште қасиетті домбыраның қоңыр үні Шымкент қаласының көгінде күмбірлеп, шаһар тұрғындары мен қонақтарының құлағының құрышын қандырып, көңіліне қуаныш ұялатты.

Иә, жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде бүкіл елімізде Ұлттық домбыра күні мерекесі тойланады. Осыған орай Шымкент қаласындағы Астана алаңында «Ұлы дала мұрасы» атты мерекелік шара өтті.

—Домбыра жәй музыкалық аспап қана емес, мыңжылдықтарға ұласқан тарихымыздың қилы кезеңдерінде халқымыздың жан сырын, мұң-шері мен арман-мұратын жеткізіп, бойымызға рух дарытқан жан серігіміз. Қазақтың өнері мен мәдениетін домбырасыз елестету мүмкін емес. Осынау рухани мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында төрт жылдан бері Ұлттық домбыра күні атап өтілуде. Ендеше баршаңызды осынау тамаша мерекемен құттықтаймын, — деді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Орынтаев.

Мерекелік шара барысында Шымкент қалалық мәдениет үйінің әртістері мен artsport.kz порталы арқылы жұмыс істеп жатқан шығармашылық үйірмелердің жас өнерпаздары, барлығы 300-ден астам домбырашы өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама аясында «Көңілашар», «Ерке сылқым», «Кеңес», «Сарыарқа» «Балбырауын» және өзге де халық арасында кеңінен танымал күйлер орындалып, ән мен биден шашу шашылды.

Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Бүгін – Ұлттық домбыра күні. 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретіне тойланып келеді.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза-әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше. Себебі басынан небір қилы заман өтсе де, жаугершілікті бастан өткеріп, бодандық қамытын кисе де төл аспабы қолынан түспеді. Одан тараған қоңыр үн жадында тарих боп қатталып, шежіре боп шертілді.

 

Фото: С. ҚОСАЕВ.

Пікір жазу