Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Шымкентте жаңа бесінші аудан құрылады

Шымкентте жаңа бесінші аудан құрылады

Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселе қаралды. Сессияға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Мұқан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, шаһардағы демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейіп келеді. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орында тұр.

Қалаға кейіннен қосылған ауыл типтес 41 елді мекен бар. Бұл шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту –кезек күттірмейтін мәселе. Аппарат басшысы осыған байланысты жаңадан бесінші аудан құру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті. Жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Бұл мәселе Шымкент қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланғандықтан халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады.

Осылайша, Шымкентте бесінші аудан құрылатын болды. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мыңды құрайды.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Қалай аталатыны әлі шешілген жоқ. Бірнеше ұсыныс жолданған болатын. Жоғарғы мемлекеттік органдармен ақылдасып, шешілетін болады. Әкімнің кім болатыны да белгісіз. Себебі, аудан мәслихаттың шешімімен енді құрылды. Содан кейін юстициядан тіркеледі. Басқа да құжаттар бәрі рәсімделген соң, аудан құқықтық тұрғыдан құрылған кезде шешіледі деп ойлаймын».

Ал жаңа ауданға 25 мектеп, 6 медициналық мекеме және 5 шағын бақ ауысады.

Пікір жазу