Бүгінгі Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингі барысында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы шеңберінде биылғы жылға 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, жыл басынан бері 10 395 азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылғандығы туралы айтты.
Сонымен қатар, ұлттық жоба шеңберінде 1 632 жұмыссыз азаматтар жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес білім беру ұйымдарында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолдануда. Аталған ақысыз оқу мерзімі 3 ай. Білім алушыларға ай сайын 20 948 теңге шамасында шәкіртақы төленеді.
– Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша ағымдағы жылы 1 150 адамға өтеусіз негізде мемлекеттік грант берілу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 226 азаматқа 400 АЕК көлемінде грант берілді. Ал, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 4 819 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі.
Бүгінгі күнге әлеуметтік жұмыс орындарына – 123, жастар практикасына – 1 295, ақылы қоғамдық жұмыстарына – 2 221, «Алғашқы жұмыс орны жобасына – 214, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына – 6, ал «Күміс жас» жобасымен нақты – 7 адам жұмысқа орналасқан, — деді спикер.
Жыл соңына дейін 23 239 адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру көзделсе, қазіргі уақытқа дейін 5700 адам тұрақты жұмысқа орналасып отыр.
Одан бөлек, қалалық маслихаттың шешіміне сәйкес, биылғы жылы зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету мақсатында 9 238 ардагерлер мен зейнеткерлерді 3 санаторлық-емдеу (Ақсу-Жабағылы, Денсаулық, Айша бибі, Арыс) курорттарымен келісім шарттар түзіліп, қазіргі уақытқа дейін сегіз мыңнан аса өтініш қабылданып, 736 зейнеткерге санаторлық-емдеу курорттарына жолдама берілді.