Асанбай Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында өрттің алдын-алу шаралары күшейтілген тәртіпте жүргізілуде, деп хабарлайды didarbek.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аптап ыстықтан өрт қаупінің басымдылығына байланысты «Build stroi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз тарапынан көмек көрсетуде. Компаниядан қураған шөптерден тазалау жұмыстарына қосымша 150-ге жуық адам жұмылдырылған. 85 шөп орғыш техника және 12 дана көлік көмегімен дендросаябақтың аумағында 5 арнайы топ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қазіргі таңға өрт қаупі бар 8 гектар жерде тазалау жұмыстары жүргізілді. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жасыл желек аймағы бақылауға алынған. Сақтық шарасы мақсатында 2 су тасымалдау көлігі дайындалып отыр.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мамандарының айтуынша күні бүгінге дейін дендросаябақта өрт салдарынан ағаштарға зақым келген жоқ.
Саябақ аумағындағы жасыл –желек саны 100,5 мың данадан асады. Аймағында Қазақстанның қызыл кітабына енген ағаштың 10 түрі бар. Олар: кәдімгі өрік, іле бөріқарақаты, кавказ таудағаны, зеравшан аршасы, недзвеция алмасы, сиверс алмасы, соғды шағаны, ақ тораңғыл, жабайы жүзім, тау пістесі. Сирек кездесетін ағаштардың 96 түрі бар.
Былтырғы жылдан бері бос жатқан 6 га аумаққа қосымша 2000 түп көшет қондырылған. Оның ішінде өрік, жиде, шие, дерен және әртүрлі жәй жапырақты шаған, айлант, үйеңкі отырғызылған.
Одан бөлек, жартасты арша, агава, тікенекті көгілдір шырша, жабайы жүзім (Қызыл кітапқа енген), Сібірлік шырша, Калифорния терек, терек -2000, айлант -840, ақ тораңғыл (қызыл кітапқа енген), ақ сексеуіл егілген. Шағын раушан гүлдер бағын жасау мақсатында 1000 раушангүл отырғызылып күтіп-бапталуда.
Айта кетейік, дендросаябақ өңірге отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау мақсатында құрылған. Ағаш-бұта өсімдіктерін өңірімізде интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып есептеледі. Дендросаябақтың аумағы Қазақстан және Орта Азия зонасы, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр шығыс, Сібір, Шығыс Азия және Солтүстік Америка және көшеттерді өсіруге арналған көшеттік және көл деп 5 флористикалық аймаққа бөлінген.