Шымкент қаласындағы Алтын төбе елдімекенінде «Керемет Сапа» шаруашылығы 15 гектар аумақта алма өсіруде, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Алманың голден, пинк леди, гренни смит, фуджи секілді ерекше сұрыптары отырғызылған. Өнімдер ішкі нарыққа, яғни қаладағы сауда нүктелерінде сатылуда. Мекеме мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тауып, өткен жылы техникалары мен құрал-жабдықтарын жаңартқан.
Сондай-ақ, 2022-2023 жылдар аралығында жылына 10 миллион банка шығаратын жеміс-көкөністі қайта өңдеу цехын және 2 000 тоннаға дейін жеміс-көкөністі сақтайтын қойма салуды жоспарлап отыр. 1,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба іске асқанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. 2022 жылдың I-жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн. АҚШ долларына артты. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд. теңгені құрады. Тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсті.
Биылғы жылы 30 мың гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 6 айда 33,5 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ал, мал шаруашылығында жалпы құны 10,6 миллион теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 229 жұмыс орынын жаңадан ашу жоспарлануда. Ірі қара мал саны 79,7 мың басты, қой мен ешкі саны 71,8 мың басты, жылқы – 14,4 мың басты, құс 977,6 мың басты құрады. Салада құны 11 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ, қайта өңдеу 3 жоба, өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың тоннаға, жеміс-көкөністерді сақтау 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 миллион дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды.