Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ҚХА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ҚХА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Алқалы жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элвира Азимова, түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚХА және КХА республикалық медиация кеңесінің мүшелері, кәсіби және кәсіпқой емес медиаторлар, сарапшылар қатысты.
Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы 5 тамыз – республикалық бірыңғай медиация күні аясында ұйымдастырылып отыр. Басқосуға республикамыздың барлық аймағынан сарапшылар мен медиаторлар онлайн қосылды.
Жиынды ашқан ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов алдымен алқалы жиынды өткізуге қолдау көрсеткені үшін қала әкімі Мұрат Әйтеновке алғысын білдірді. Марат Алмасұлы қазіргі қоғамда медиаторлардың еңбегі мен жалпы медиацияның рөліне тоқталып, соңғы бірнеше жылда медиацияның көмегімен 150 мыңға жуық арыз-шағым сотқа дейінгі тәртіппен шешілгеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысы этносаралық қарым-қатынаста медиацияның маңызын атап өтіп, келіссөз жүргізетін кәсіби мамандарды дайындауға басымдық берген болатын. 2018 жылы республикалық мегаполис қатарына қосылған Шымкенттегі 1 млн 112 мыңнан астам тұрғынның 30 пайыздан астамын этнос өкілдері құрайды. Олар сындарлы саясаттың нәтижесінде бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп, миллионды қаланың түрлі саласында ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Қалалық Ассамблеяға топтасқан 17 этномәдени бірлестік берекелі бірлікке негізделген игі бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісімді сақтап, ұлт бірлігін дәріптеуге үлес қосып жүр. Халық даналығында «Бірлік түбі – береке» деген аталы сөз бар, – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жиында ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов пен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элвира Азимова және басқа да бірнеше маман баяндама жасады. Одан кейін Шымкенттегі және еліміздің басқа да қалаларының медиаторлары сөз алып, өз ұсыныстарын бөлісті.
Айта кетейік, бүгін таңертең сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін республикалық бірыңғай медиация күні аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинеттерінде және диалог алаңдарында мемлекеттік органдар өкілдері мен ҚХА қоғамдық медиаторларының қатысуымен «Ашық есік күні» республикалық акциясы өтуде.

Пікір жазу