Шымкент қалалық стоматологиялық емханада түнгі ауысымдағы кабинеттер саны артты, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Тіс емханасы тәулік бойы екі ауысымда, таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін, 20:00-ден таңғы 08.00-ге дейін күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Мұнда күндіз балаларға 17 кабинет терапевтік, 4 кабинет хирургиялық қызмет көрсетеді. Түнгі ауысымда 3 дәрігер 2 медбике жұмыс істейді. Түнгі ауысымда бір күнде орта есеппен 17-25 бала ем алуға келеді. Ал күндіз бала саны 500-600 –ге дейін барады. Балаларға арналған бөлімде осы уақытқа дейін бір кабинет жұмыс істеген.
Сондықтан ата-аналарға балаларымен ұзақ уақыт кезекте тұруларына тура келген. Осындай қиындықтардың алдын алу үшін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысының тапсырмасына сәйкес, емхана басшылары түнгі ауысымда екі кабинетті іске қосты. Қазір түнгі ауысымда балалар үшін үш кабинет жұмыс жасауда. Нәтижесінде ата-аналар мен балалардың кезегі азайып, уақтылы ем алуына жағдай жасалынды. Айта кетейік, денсаулық сақтау басқармасының ведоствалық бағынысты 33 медициналық ұйымы бар, оның ішінде 12 емхана, 15 аурухана, 6 басқа ұйымдар. Қалада тәуліктік 4125 төсек- орын күндізгі стационарда 1959 төсек-орын бар. Шымкент қаласында 4760 дәрігер қызмет етеді 10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 42,1 құрап отыр, 10496 орта буын медициналық маман қызмет етеді 10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 92,8 құрап отыр.
Алты ай ішінде 2938 медициналық қызметкерлер шет елде және республикалық орталықтарында біліктілігін арттырған. Арнайы оқытудан өткен медицина мамандары арасынан қалада алғаш рет балаларға кеңес беру үшін он педиатриялық мобильді бригада құрылды. Бұл мобильді топ дәрігерлері тәуекел тобындағы балаларды уақтылы анықтау, оларды стационарлық емдеуге жіберу жұмыстарымен айналысады.