Шымкент қаласында болашақ жол құрылысы мамандарын даярлау мақсатында мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Дүйсембеков қала аумағындағы жолдар сапасының соңғы үш жылдағы жағдайын қорытындылау бойынша баспасөз брифингін өткізді. Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған автожол құрылысы мен сапасы бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.
Аталған мекеме негізінен 4 бағытта – жол құрылысы, жол жөндеу жұмыстарына сараптама жасау, сынақ зертханасын жүргізу, ведомстволық сараптама және ғылыми зерделеу бойынша жұмыстар атқарады.
Директордың айтуынша, соңғы үш жылда сынақ зертханасы 745 сараптама өткізіп, 1632 ақауды анықтаған. Оның ішінде, өрескел ақаулар саны – 150.
– 2020 жылы 249 рет жол құрылысы сапасы тексеріліп, 1250 ақау анықталды. Өткен жылы 307 кемшілік-ақаулар тіркелді. Биыл мамандарымыз 198 кемшілікті анықтады. Атап айтқанда, бордюрлардың беріктігінің сапасына қатысты, жол белгілерінің сәйкес келмейтіні жөніндегі кемшіліктер. Салыстырып қарағанда, қазіргі уақытта ақаулар саны азайған. Бұл орайда техникалық қадағалау мамандары әлі де жұмысты ширату керек, – деді Мұхтар Манасұлы.
М.Дүйсембеков бұл салада кадрлар даярлау мәселесі өзекті екенін атап өтті. Жол құрылысы саласында білікті мамандар тапшы. М.Әуезов атындағы ОҚУ, Жол-көлік колледжінің студенттеріне болашақ жол мамандарына бағыт-бағдар беру мақсатында меморандум түзіліпті.
Сонымен қатар, филиал қалалық білім басқармасымен бірлесіп, болашақ жол құрылысы мамандарын даярлау мақсатында мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуде.