Иә, саялы Сарыағаш ауданының тұрғындары барлық көрсетілетін мемлекеттік қызметті бұдан былай бір жерден алатын болады. Өйткені, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ-ның алғашқы біріккен аудандық офисі ашылды.
Сарыағаш қаласында орналасқан фронт-офисте жеке және заңды тұлғаларға Мемлекеттік корпорация ұсынатын барлық қызметтер көрсетіледі. Екінші қабаттағы бэк-офистерде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау және төлеуге қатысты, жер қатынастары мен жылжымайтын мүлікті тіркеуге байланысты қызметтер көрсетіледі.
Игі істің басына жақсы келер қасына деп, ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев, «Азаматтарға арналған үкімет» басқармасының төрағасы Аблайхан Оспанов, облыстық мәслихат депутаты Әбілқасым Досболов және ардагерлер ұйымының бірқатар өкілдері сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Сарыағаш ауданында 350 мыңнан астам халық тұрса, мемлекеттік корпорация арқылы 64 337 адам әлеуметтік төлем алады.