Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: 200-ДЕН АСА ТҰРҒЫННЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ

ШЫМКЕНТ: 200-ДЕН АСА ТҰРҒЫННЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ

Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.
Бүгінгі қала әкімінің қабылдауына 200-ден астам қала тұрғыны келді.
Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелер тұрғын үй, жер телімін заңдастыру, жұмысқа орналасу, білім алу, медициналық көмек және тағы басқалар қатысты.
Мәселелерге заң шеңберінде, тиісті сала мамандарының талқылауымен, жан-жақты шешім жолдары қаралды. Хаттамаға енгізілгендердің кейбірі шешімін бірден тауып жатса, кейбірі ұзақ мерзімді қажет етуде.
Тұрғын үй кезегі, жер телімін заңдастыру секілді мәселелердің тек заң аясында және кезегімен шешілетіні тұрғындарға тағы да түсіндіріліп өтті.
Қабылдауға келген 200-ден астам тұрғынның 130-на жуығын қабылдаған шаһар басшысы, осындай жүзбе-жүз кездесулер ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өкілетті орган жұмыстарын халық көзімен бағалауға мүмкіндік беруде екенін атап өтті.
Қабылдауда қала әкімінің орынбасарлары, өңірлік департамент басшылары мен салалық басқарма басшылары да болды.
Қала әкімінің бірыңғай жеке қабылдауында қоғамдық емес, жеке басқа қатысты мәселелер қаралатындықтан, мұнда БАҚ өкілдері шақырылмауда. Дегенмен, жеке мәселенің талқылану барысынан бөлек, жалпы фото және видео түсірілімін жасауға болатынын хабарлаймыз.
М.Әйтенов әрбір азаматтың өтінішін тыңдап, қала тіршілігіне бейжай қарамайтын белсенді тұрғындарға алғысын білдірді. Жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда.

Пікір жазу