Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс шарасы өтуде

«Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс шарасы өтуде

Шымкент қаласында Полицейлер жасөспірімдер арасында орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында сабақ өткізді.
«Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс шарасы барысында Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция майоры Перизат Маймақова №12 дарын мектебінің оқушыларына жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша сабақ өткізді. Бұл сабақтың негізгі мақсаты – балалардың қатысуымен болатын құқықбұзушылықтың алдын алу болып табылады.
Сондай-ақ, оқушылардың сабаққа толығымен қатысуын және түнгі уақытта ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз жүрмеуін қадағалау мақсатында ойынханалар, көңіл көтеретін орындарға рейдтік іс-шаралар жүргізілетіні туралы айтылып, ескертілді. Сабаққа қатысқан оқушылар мен ұстаздар тәртіп сақшыларына көкейкесті сауалдарын қойып, толыққанды нақты жауаптарын алды.
«Ата-аналарды өздерінің кәмелетке толмаған балаларының тұрмысы мен демалысына қызығушылық танытуға, өз балаларының құқықбұзушылыққа бейімділігі белгілерін дер кезінде анықтауға және олардың тәрбиесінде немқұрайлылыққа жол бермеуге шақырамыз», – деді полиция инспекторы полиция майоры Перизат Маймақова.
Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері оқушыларды тәртіпті болуға, адамгершілікті ұстануға, жақсы оқуға, уақытты тиімді пайдалануға және спортпен шұғылдануға шақырады. Айта кетейік, осы бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Бұл акцияның басты мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, оқушыларға жол жүру ережелерін таныстырып қана қоймай, оларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ балалардың жарақат алуы мәселелеріне жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын аудару. Жаз бойғы демалыстан мектепке енді келген балалар тарапынан алғашқы уақытта жол қауіпсіздігіне деген немқұрайлылық, салғырттық болуы ықтимал. Осы уақытта жол жүру қауіпсіздігі ережелерін балалардың есіне тағы бір салып, мектеп оқушыларының амандығын сақтауға учаскелік инспекторлар, полиция қызметкерлері жаппай жұмылдырылуда.
Естеріңізде болсын: бала «жол ережесіне» өз ата-аналарынан және басқа да үлкендерден алған өнегесі арқылы үйренеді. Сондықтан, сіздің жолдағы үлгілі тәртібіңіз арқылы сіздің және басқа да балалардың жол ережесін сақтап, әр түрлі жол апаттарынан сақ болуына өз ықпалыңызды тигізесіз.

Пікір жазу