Шымкент қаласындағы Ғ.Ілияев көшесі орташа жөндеуден өтті, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Қала әкімімен бекітілген бас жоспарға сәйкес, Ғ.Ілияев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жолдың үстінгі қабатын тегістеу, нығыздау, асфальт жабындысы салу жұмыстары атқарылып, жаяу жүргіншілер жолы да салынды. Жалпы, жолдың ұзындығы 2,7 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, Ғ.Ілияев көшесіне веложол салынған. Оның ұзындығы — 1990 метр, ал аралығы Д.Қонаев даңғылынан Бейбітшілік көшесіне дейін. Жол құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, ағымдағы жылы шілде айында қабылданып, пайдалануға берілді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 77 нысан болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал, қалған көшелерді жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қоса, қала әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданындағы Шығыс айналма жолының құрылысын тексерді. Бүгінде айналма жолдың құрылыс жұмыстары қарқынды. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Айналма жолдың ұзындығы — 3,9 шақырым, 4 жолақты және ені — 60 метр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 28% орындалды. Қаратау ауданы Қызыл су тұрғын алабының Гулистан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Гулистан көшесінің 2-кезеңі атауы жоқ көшенің соңына дейінгі аралықты қамтиды. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, ал ені 5 метр. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Шаһар басшысы жұмыстардың межеленген мерзімде және жоғары сапада орындалуын тапсырды. Айта кетейік, үшінші мегаполисте биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылады.