Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан кезекті қабылдауын өткізді, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сәйкес, бүгінде елімізде барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларына тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеу жүктелген.
Осыған орай, бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан кезекті рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл қабылдауды «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы және Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастырды.
Қала әкімі бірінші орынбасарының қабылдауына жалпы 10-ға жуық азамат жазылған екен. Қабылдауға келген тұрғындардың бірқатары жұмысқа орналасу, жалақы қарызын өндіру мәселелері бойынша көмек сұрады.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдау көрсету, білім беру мен мәдениет салаларын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Ш.Мұқан қабылдауға келген барлық азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарын, талап-тілектерін мұқият тыңдап шықты. Кейбір мәселелерді құқықтық тұрғыда түсіндіріп берсе, кейбірі жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Шыңғыс Жұмабекұлы қабылдау кезінде қозғалған барлық мәселелердің заң талаптарына сай шешілетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның жеке қабылдауы аптаның әр жұма күнінде өткізіледі. Айта кетейік, биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті.
Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда.