Ханқорған Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округінің аумағында жатқан, қазіргі уақытта Ханқорған (бұрынғы Мәдени ауылы) елді мекенінің іргесінде жатқан төбе. Мәртөбе, Күлтөбе, Ордабасы тауы сияқты Ханқорған да Оңтүстіктегі, жалпы қазақ тарихындағы орны ерекше нысандардың бірі саналады. Рас, тарихи орындар туралы әңгіме қозғағанда Ханқорған ауызға көп іліге бермейді. Оның өзіндік себептері бар.
Тарихшылардың айтуынша, Ханқорғанның тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бір кездері Ханқорғанда жорыққа аттанып бара жатқан Әмір Темір болды деген дерек кездеседі. Ханқорғанда үш жүздің ханы Абылай өмірінің соңғы жылдарын өткізген, осы жерде қайтыс болған. Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтанның да осы Ханқорғанда отырғаны туралы мәліметтер бар. Яғни, Ханқорған хандардың ордасы, резиденциясы қызметін атқарған мекен.
«AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» бағыты бойынша өлкетану экспедициясы жуырда Созақ ауданында болып, осындағы бірқатар әулиелі, тарихи орындардың жай-күйімен танысып қайтқан еді. Міне, құрамында тарихшы, жазушы, ақындар мен журналистер бар экспедиция бүгін тарихы терең, сансыз баптардың мекені атанған Сайрам ауданына ат басын тіреді. Топ алдымен Ханқорған тарихи нысанында болып, оның бүгінгі ахуалымен танысып шықты.
Ауылға кіре беріс жерде қазақ ханы Абылайға ескерткіш орнатылған. Оның орнатылуына ұлтжанды азамат, марқұм Лесбек Тәшімов мұрындық болған екен. Ханқорған Арыс өзенінің жағасында өте маңызды стратегиялық аумақта орналасқан. Қайбір жылдары осы Ханқорғанның басында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, руханият мәселесі төңірегінде келелі әңгіме өткізген болатын. Осы жиында белгілі археолог Бауыржан Байтанаев Ханқорғандағы қазба жұмыстары кезінде шығыс моншасының қалдықтарының табылғанын мәлім еткен болатын. Тарихшылардың айтуынша, бұл Қазақстанда табылған ең көне монша көрінеді. 2009 жылы Алматыдан келген археологтар осы жерден металл ерітетін ошақтың орнын тапқан. Бүгінде қазба жұмыстарының орны сайрап жатқанымен, басталған істің тоқтап қалғаны көңіл қынжылтады. Ханқорған құпиясы әлі ашылмаған, ғажайып нысан.
Бұдан кейін экспедиция мүшелерімен Сайрам ауданының әкімдігінде аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков кездесті. Жиынға аудандағы зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, ақын-жазушылар, журналистер, белсенді жастар да қатысты. Басқосуда бүгінгі руханияттың жай-күйі сөз болды. Бірқатар мәселелер көтеріліп ұсыныстар айтылды. Экспедиция құрамындағы белгілі жазушы, журналист, тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген Шойбек Орынбай, сазгер, Мәдениет қайраткері Сейдулла Темірбаев, жазушы, журналист Жәмила Мамырәлі, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Айдар Сейдәзім, ақын Сүндет Сейітов және ауданның жалынды жастары сөз алды. Сайрамдық зиялылар арасынан ақын Зияда Исатайқызының сөзі көпшілікке көп ой салды. Ал белгілі журналист, аудандық газеттің тілшісі Салтанат Абылбекованың әлеуметтік мәселесін аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков тікелей бақылауына алатын болды, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Сапарымыз «Ханқорған -қазақтың қасиетті жері» деген тақырыпта өткен Ақсукенттегі Е.Сарманов атындағы гуманитарлық агроиндустриалды колледжіндегі жиынмен жалғасты. Белгілі тарихшы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гаухарбек Тілеуқұлов жиынға қатысқан жастардың алдында Ханқорғанның, жалпы Сайрам ауданының тарихы туралы тұщымды баяндама жасады. Шойбек Орынбай қазақ тарихындағы проблемалық мәселелерді көтерді. Колледж ұстаздары, жастар да өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарды ортаға тастады. «Өзге пікір» газетінің бас редакторы Шадияр Молдабек ұғар құлаққа ұтымды ойлар айтса, ақын Дәурен Айманбет сансыз баптар елі Сайрамды дәріптеген өлеңін оқыды.
Тарихты түгендеуге, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған сапарымыз алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ғ.Елшібай