Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында: «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын»,- деп, халықты Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған тың бағдарламалар ұсынылған бұл Жолдау игілікті бастамалардың бастауы, жарқын болашақтың нышаны болары сөзсіз. Шынында, енді біз Жаңа Қазақстанды құру үшін ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, бірлігіміз бен ынтымағымызды, татулығымыз бен тұрақтылығымызды және өзара ауызбіршілігімізді көздің қарашығындай сақтап, жұмыла жұмыс істеуіміз қажет.
Сондай-ақ, бұл Жолдау саяси реформаларды және жаңа экономикалық саясатты іске асыру, ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру жүйесін дамыту, ең төменгі жалақы деңгейін көтеру, зейнетақы жүйесін жаңғырту, қоғамда заң үстемдігін берік орнату сынды мәселелерді көтеріп қана қоймай, алдағы уақыттағы ел өңірлерінің саяси-әлеуметтік, экономикалық даму векторын айқындап берді.
Президент көп түйткілді мәселелерді шешудің кілті жергілікті өзін-өзі басқаруда екендігіне тоқталды. Яғни аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіретін және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейтін әрі атқарылу барысын бақылайтын мәслихаттардың бұған барынша атсалысуы аса маңызды.
Бұл ретте «ҚР жергілікті өзін-өзі басқару туралы» арнайы заңын қабылдау бағытындағы жұмыстар да маңызды.
Қолданыстағы бюджет заңнамасының 2018 жылдан бастап өзгеріске ұшырағаны мәлім. Бұрын бюджеттік жүйе үш деңгейден құралып, ауылдық округтер аудандық бюджеттен қаржыландырылды. Қазір 4 деңгейлі жүйеге ауысып, әр ауылдық округтің жеке бюджеті бар. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлауы үдерісі де енгізілді. Қазір аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оған да тиісті заң жобасы Парламентке ұсынылды. Мұндағы жаңалық – аудандар әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен бастау жоспарланып отыр. Ондағы негізгі талаптары мен тәсілдері ауыл әкімдерінің сайлауына ұқсайды.
Заң жобасы бірінші кезекте мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейлеріне тәуелділікті төмендетуіне бағытталған. Атап айтқанда, мұның сипаты азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы төрт жыл мерзімге жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдары – кеңестердің құрылуынан көрінбек.
Бүгінгі жаһандану ахуалы – кез келген мемлекет үшін сын. Осы сынға зор бәсекеге қабілеттілікпен кірген мемлекеттің болашағы жарқын, ертеңі еңселі, тұғыры биік болары сөзсіз. Сондықтан заман ағымынан қалмай дамудың даңғыл жолына түсеміз десек, халықтың әл-ауқаты мен саяси өміріне оң өзгерістер алып келуге бағытталған, үлкен өзгерістерге бастайтын, еліміздің өркендеуіне жаңа серпін және екпін беретін стратегиялық маңызы бар құжат – Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыруға баршамыз атсалысып, жұмыла еңбек етуіміз керек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы айтқандай биылғы Президент сайлауынан кейін келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Жаңа Үкімет те жасақталады. Яғни 2023 жылы еліміздегі саяси институттардың бәрі жаңарады. Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі – елдегі барша мәслихат өкілдерінің басын қосқан бірегей ұйым.
Шамхат ХАЛМҰРАДОВ,
Сайрам аудандық мәслихаттың хатшысы

Пікір жазу