Қарттар күніне орай, бүгін аудан әкімінің орынбасары Б.Хасанов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірге 2 соғыс ардагері мен жасы жүзден асқан 3 қарттың үйлеріне арнайы барып, аудан әкімінің құттықтауындағы тілегін жеткізіп, азық-түлік және жемістер себеттерін табыс етті. Осы құттықтаулармен қатар, Ақсукент, Қарабұлақ және Қарасу ауылдық округтерінің әкімшіліктері де жылы лебіздерін айтып, сыйлықтарын тарту етті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Басшылар ең алдымен Мухаррам Шайхутдиновтың шаңырағында болды. Ардагер 1924 жылғы ақпанның 10-ында Башқұрт АКСР-і Болтачев ауданының Оразаев ауылында дүниеге келген. Қарулы Күштер қатарына шақырылғанға дейін МТС-те тракторшы, жүргізуші болып істеді. 1942 жылғы қыркүйекте Болтачев аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 1942 жылғы қазаннан 1943 жылғы ақпанға дейін 1-ші Алкино кіші командирлер даярлау бөлімінде оқыды. Оқуын тәмәмдағаннан кейін 17-ші гвардиялық полкқа, 1944 жылы 12-ші гвардиялық атқыштар покына жіберілді. Ленинград майданында соғысты. Ленинград, Выборг, Нарва қалаларынқорғауға және азат етуге қатысты. Әскери қызметтен 1945 жылы босатылды. І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және мерейтойлық сегіз медальмен марапатталған. Әскер қатарынан босаған соң 1945 жылдан 1964 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда түрлі қызметтер атқарып, 1970 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Ақсу ауылындағы «Шымкентауылдық құрылыс» тресінде балташы – ағаш ұстасы болып еңбек етті. І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және мерейтойлық медальдермен марапатталған. Қазіргі таңда ардагерден 4 бала, 10 немере, 12 шөбере тараған.
Кейіннен көп балалы ана Сапарәлі Зебер Сырғабайқызының үйіне барып, қарт анамен жүздесті. Батыр анаға ақ орамал жауып, қамзол сыйға тартты. Қарт ана 1920 жылы 10 сәуірде дүниеге келген. Қазіргі таңда ұрпақтары жалғасып, 3 ұл, 7 қызды дүниеге әкелген. Соғыстан кейінгі жылы тыл ардагері болған. Түлкібас ауданында Түйетас, Амансай елді мекендерінде мақта теріп, алма бау егіп, қамыс орып, мал шаруашылығымен айналысқан. Қазіргі таңда өсірген ұл-қыздарынан 32 немере, 76 шөбере, 5 шөпшек көріп отыр.
Келесі кезекте Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі К.Абдилахатовпен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері Анартаев Ахмеджанның үйіне барып, ардагермен сырласты. Ардагер 1926 жылы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 1944 жылдың 5 мамырында Сайрам аудандық комиссариатына шақырылып, 64-ші атқыштар полкінде әскери борышын өтеген. Польшаны азат ету ұрысына және Германия соғысына қатысқан. 1949 жылдың 10 сәуірінде әскерден оралған. І дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы «Германиядағы жеңіс үшін» және 8 мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Қазіргі таңда 4 ұлы, 5 қызы бар. Олардан 35 немере, 78 шөбере, 4 шөпшектен артық сүйіп отыр.
Биыл 100 жасқа толған қарабұлақтық Ишметова Огултайтың үйіне барып, ананың денсаулығы мен өмір жолымен танысты.
Жасы бір ғасырдан асқан қарасулық Шараванов Наимнің үйінде болды. Соғыс жылдарында вахтада, кейіннен зейнеткерлік жасқа дейін колхозда жұмыс істеді. Тыл ардагері ауыр еңбегі үшін бірнеше медальдермен марапатталған. Қазір 3 ұл, 3 қызы, 11 немересі, 42 шөбере, 3 шөпшек тараған.
Өз кезегінде қарттар көңіл бөліп, сыйластық танытқан басшыларға ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.
Айта кетелік, аудан аумағында 2 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 100 жастан асқан 3 қарт тұрады.