Сайрам ауданына қарасты 8 елді мекенді біріктіретін Қарасу ауылдық округінде аудан әкімінің бастамасымен «Ауыл – Ел тірегі» жобасы аясында онкүндік іс-шараның қорытындысы өтті. Онкүндік іс-шара 9 қыркүйекте басталып, 29 қыркүйекке дейін жалғасты.
Аталған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиев, дербес бөлім басшылары, мекеме-ұйым басшылары, ауыл белсенділері мен тұрғындары қатысты, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жиын барысында Қарасу ауылдық округінің әкімі Д.Сыдықов өз сөзінде:
— Ауылдық округі әкімшілігі, бөлімдердің ұйымдастыруымен және жергілікті халықтың қолдауымен онкүндік іс-шара жоспарына сәйкес өтті. Онкүндікте ауылдық округі тарапынан 13 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланды. Осыған орай, аталған мәселелер іс-шара жоспарына енгізіліп, әкімдік қызметкерлері ауылдың кәсіпкерлері, қоғам белсенділері және тұрғындар бірлесе отырып, жоспарланған жұмыстардың басым бөлігін орындадық. Бұдан кейін де ауылымызды көркейту аясында ауыл белсенділері, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдерімен бірлесе жұмыс жасай беретін боламыз. Іс-шараға атсалысқан барша ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін.
Ауыл әкімшілігі онкүндік мерзімді тиімді пайдалана отырып, бірқатар жұмысты қолға алып, нәтижемен аяқтады. Атап айтқанда,
— кәсіпкерлер қайырымдылық акциясын өткізіп, аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға азық-түлік қораптарын табыс етті;
— Ұлы Отан соғысының ардагері Джундуров Элемес жақын туыстарының қатысуымен туған жері Бескепе ауылында жерленіп, ауылдың мейрамханасында марқұмға Құран бағышталып, ас берілді;
— елді мекендердің орталық көшелеріне идеологиялық маңызы бар онға жуық баннер ілінді. Тақырыптарына қарай, Ұлттың ұлы ұстаз, қазақ тіл білімінің негізін қалаушысы, ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Қазыбек би бабаның нақыл сөздері, ауыл белсенділері мен мақтаныштары, тазалық сақтау мәселелері және басқалары қамтылған;
— Қарасу ауылы А.Жұбанов көшесіне салынып жатқан ұзындығы бір шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда пайдаланысқа берілді;
— ауыл тұрғындарының асар жолымен Ақбай ауылындағы мазараттың жанынан жаңақұрылыс аумағына өтетін жол ашылып, оған демеушілердің көмегімен тас төселді. Сонымен қатар, тас төсеу жұмыстары жергілікті кәсіпкерлердің қамқорлығымен Әйтеке би ауылында да жүргізілді;
— Ақбай ауылына кіреберісіндегі Жаңақұрылыс көшесі аумағына демеушілер есебінен трансформатор орнатылды;
— Шымкент қаласынан Қарасу ауылы арқылы өтетін, облыстық маңызы бар Жібек жолы көшесі бойындағы жарықшам бағаналарына диодтық ою-өрнектер орнатылды;
— жастар мене ересектер арасында кіші футболдан және шахматтан турнирлер өткізіліп, үздік команда және ойыншыларға сый-сияпаттар тапсырылды;
— ауылдық кітапханасында жергілікті ақын Тәнімгүл Жайлауқызының “Балауса” атты авторлық кітабының тұсаукесері атап өтіліп, оқырмандарымен кездесті;
— ауылдың орталығынан 100 балаға, оның ішінде 50 баланың жатып оқуы үшін «Исламабад» медресенің құрылысына қарасулықтар 22 млн. теңге жинап, асар жолымен жұмыс жүргізуде;
— жеңіл такси жүргізушілері он күн бойы жолаушыларды ақысыз тасымалдады;
— Жаңатұрмыс ауылына кәсіпкерлер өз қаржысы есебінен медпункт құрылысын жүргізуде;
— ауылдық округі әкімшілігінің қызметкерлері мен тұрғындарымен сенбілік күні өтті.
Келесі кезекте аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы М.Нұрлыбаев «Ауыл — ел тірегі» онкүндік жоба аясында Қарасу ауыл округінде дербес бөлімдер тарапынан атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Салалардағы жұмыстарға қарағанда, Ынтымақ ауылында тозығы жеткен, ескірген бағаналарын ауыстыру туралы тұрғындардың көтерген мәселесі ескеріліп, 68 электр бағанасы және электр желілері жаңартылды. «Аламан» каналының 2,5 шақырым ішкі арығы механикалық тазалаудан өтті. Заңсыз сауда орындары, дүңгіршектер мен жеңіл конструкциялы нысандарды анықталып, иесі тарапынан алынып тасталды. Әйтеке би ауылындағы Жаңақұрылыс аумағында орналасқан 36,0 және 76,0 гектарда жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық желілер салу жұмыстарының ішінде газ тарту жұмыстары қатаң бақылауда болды.
Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен көпбалалы 10 отбасыға демеушілер тарапынан 8220,0 мың теңге көмек берілді. 13 зейнеткерге денсаулықтарын сауықтыру үшін «Ардагерлер үйі», «Мейір» ардагерлер үйі, «Ақсу Жабағылы» демалыс орнына жолдама берілді. Қарасу ауыл округіндегі мешіттердің жанынан ашылған сауат ашу үйірмелерінің жұмысына мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Бөлім басшылары тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, оның шешілу жолдарын заң аясында түсіндірді.
Онкүндік іс-шараға белсенді қатысушылар мен жауапты ұйымдастырушыларды әкім орынбасары Мадияр Мұхтарұлы алғысын білдіріп, алдағы уақытта игілікті істердің жалғасатынын жеткізді.