Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. Жалпы, болашағымыздың қандай болмағы жастардың бүгінгі алған біліміне байланысты десек, оған тәлім-тәрбие беріп жүрген мұғалімдерге де зор жауапкершілік жүктеледі. Адамдардың таным-түйсігі жетілген, өркениетке қарай ұмтылған бүгінгі заманда тәрбиеші-ұстаздарға қойылатын талап та күшейіп келеді. Ата-аналар да өз балаларының болашағын өз ісінің білгірі болып жүрген нағыз ұстаздарға тапсырғысы келетіні анық. Сол үшін бұл мамандыққа өте жауапкершілікпен қараған жөн. Жақсы ұстаздың қашан да жүзі жарық.
Ұстаздық – ұлы қызмет. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін болашаққа жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына деген құрмет жыл сайын артып келеді.
Құрметті, Сайрам ауданының ұстаздар қауымы! Сіздерді қазан айының басында аталып өтетін «Мұғалімдер күнімен» шын жүректен құттықтай отырып, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңізге шын пейілмен алғысымды жеткіземін! Өздеріңізден өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт сіздер арқылы мақтанары сөзсіз.
Халықта «Ұстаз – мектептің жүрегі», «Мұғалім – бала жанының бағбаны» деген сөз бар… Иə, осы бір ұстазға арналған теңеулерден-ақ сіздердің аттарыңызға қандай мақтау айтып, қалай мадақтаса да жарасары сөзсіз. Әлемдегі тамаша ойшылдардың, ғалымдардың мұғалім жайлы айтқан даналық сөздері де шексіз.
Шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан, ерен еңбекшіл, байламы берік, ойы өткір ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Мұғалімдерге артылған сенім қандай үлкен болса, оны орындаудағы жауапкершілік те арта түсері сөзсіз. Шәкірт тәрбиелеудегі ұстаздық шеберліктеріңіз арта түссін!
Отбастарыңызда береке-бірлік, еңбектеріңіз жемісті болып, жас ұрпақтың және ата-аналардың алғысына бөлене беріңіздер!
Қайрат Арап,
Сайрам ауданы адами әлеуетті
дамыту бөлімі басшысының м. а.