Бүгін Сайрам ауданында “Қарамұрт” бастауыш партия ұйымының отырысы өтті. Жиынға «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Әбдіқадыров, аудандық мәслихатының депутаттары, партия ардагерлері, ауыл билері, белсенді партия мүшелері және жастар қатысты. Онда «AMANAT» партиясының жаңа саяси тұғырнамасы партияластар арасында талқыға түсті. Саяси тұғырнаманы әзірлеу сәуір айында партияны трансформациялаудан соң басталған болатын. Онда азаматтар арасында қордаланған және қоғамдағы өзекті мәселелер қамтылған. Дәлірек айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын партия» форматында жүргізілді.
— Тұғырнама — қоғамның ілгерілеуіне ықпал ететін құндылықтармен толықтырылған. Осындай тарихи, жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыт келгенін аңғартады. Себебі, мемлекеттің дербестігі, ұлттың азаттығы, қоғамның еркіндігі – ешқашан және ешбір дүниеге айырбастай алмайтын ұлы құндылық. Мұны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұғынып, бағалауы тиіс. «Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Өткеннен сабақ алып, бүгінімізді бағалап, болашағымызға бағдар жасайтынымызға сенімім мол. Қарамұрттық партияластар мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті қатаң сезініп, барлық салада белсенділік танытуға дайын. Тәуелсіз отанымыз үшін аянбай тер төгеміз, — дейді аталған бастауыш партия ұйымының төрағасы Т.Досметов.
Жиын барысында саяси тұғырнаманы толықтыруға байланысты ұсыныстар қабылданды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арналған Жолдауын орындау жөніндегі ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
Жалпы Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылдық округінде 17 мыңнан астам тұрғын болса, оның ішінде 10 500-і сайлаушылар. «AMANAT» партиясы мүшелерінің саны — 340-қа жуық. Қазіргі таңда бастауыш партия ұйымы тарапынан партия мүшелерінің қатарын арттыру, нағыз ел жанашырларын тарту шаралары қарқынды жүргізілуде. Партияластар Президенттің бастамасымен қолға алынған саяси және экономикалық жаңғырту үдерісі, ең алдымен, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалар ауыл тұрғындарының қолдауына ие болуда.
— Жолдаудағы 650 ауылда емдеу мекемелерін салу, бала күтімі бойынша төлем жүргізу кезеңін бір жарым жасқа дейін ұзарту секілді жаңашылдықтар әлеуметтік қамсыздандыру саласын түбегейлі жақсартатыны анық. Бұл бастама ауылымыздың аналары қауымының қолдауына ие болды. Жолдаудағы тағы бір нақты айтылған мәселе – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген жаңа әрі әділ Қазақстанды құру жолындағы саяси реформалардың заңды жалғасы. Оны жүзеге асыру үшін барлық ресурстарды пайдаға асыруымыз керек. Жолдаудағы басым бағыттарды негізге ала отырып, ел мүддесі жолындағы жұмыстарды жалғастырамыз, — деген Алмас Әбдірахманұлы жиынды қорытындылады.