Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық әкімдіктің мәжіліс залында кеңейтілген кездесу өтті. Кездесуге ауыл әкімі К.Абдилахатов, аудандық мәслихат депутаты М.Сиддиков және мектеп басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы, мектеп оқушыларының түнгі мезгілде көшеде жүрмеуі, ата-аналарының рұқсатынсыз кәмелетке толмаған жасөспірімдерді жұмысқа жекпеу және жастар қылмысының алдын алу.
Ауыл әкімі К.Абдилахатов қазіргі таңда жиі кездесіп жүрген осы жоғарыда мәселелерге аса ұқыпты жауапкершілікпен қарау керектігін айтты. Қазіргі таңда кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде жүруі жиілеп кеткендігі, тойхана, дәмханалар сауда орындарында жасөспірімдердің жұмысқа жегілуі орын алып отырғандығын тілге тиек етті. Осы жайттардың алдын-алу шараларын ұйымдастырып, жалпы жастардың бұзақылыққа бармауына тікелей ықпал етуді тезірек қолға алу керек деді.
М.Сиддиков – «Жастардың тәрбиесіне бірінші кезекте ата-аналар және мектеп мұғалімдері жауапты. Осы жауапты істе мұқият болып, барлық алдын-алу іс-шараларын жасау керек»- деді.
Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің заңгері Бейбіт Зиябеков – жасөспірімдердің түнгі мезгілде себепсіз жүруі Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 442-бабы бойынша жазаланатыны және еңбекке жасөспірімдерді жегу ҚР 23.11.2015 жылғы №414-V «Еңбек Кодексінің» 69-бабына сәйкес жүргізілуі керектігін түсіндіріп берді.
Балам жақсы болсын деген әрбір ата-ана бала тәрбиесіне маңыз беріп, ондағы өз орнының қандай екенін білгені жөн.