Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » «Аналар сөзі-тәрбие көзі»

«Аналар сөзі-тәрбие көзі»

«Сенімен Болашақ» РҚБ және «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен, Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің қолдауымен Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде ата-аналармен кездесу өтті.
Кездесудің басты қонағы Мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы және аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, «Қоғамдық келісім» КММ-ң Сайрам аудандық филиалы басшысы Базарбай Мамадиярұлы болды. Кездесуге 150-ден астам ата-ана қатысты.
Ұлттық құндылықтарымыз бен ана тілімізді дәріптеп жүрген тіл жанашыры Оразкұл Асанғазықызы өз сөзінде: «Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың қорғаны, келешегіміздің кемел болу жолында сәулесін шашып, құлдырап кетуден сақтап тұратын мәңгілік шамшырағымыз.
Өзін қазақпын дейтін бұл әлемді алшаң басып жүрген әр пенде «Мен өз елімнің ұлттық жауһары тілімді терең меңгере білдім бе? Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өз деңгейінде сақтап жүрмін бе? Ұлттық аспаптарымды, ұлттық киімдерімді лайықты құрметтеп жүрмін бе» деген сыни сұрақты өзіне қоя білуі керек. Осы сұрақты шынайы қоя отырып, шын ниетпен еш жасандылықсыз адал жауап бере білуі тиіс. Халқымыздың әлемде ұзақ жасауы, гүлденуі, ұлттық құндылықтарымыздың сенімді бойтұмарымыз болып, ұрпақтан-ұрпаққа күн сәулесіндей шашырап, мәңгілік ғұмыр кешуі бізге байланысты».
«Ұлтымыздың күре тамырында қаны мен жанында соғып тұрған жүрегі болған ұлттық құндылықтарымыз мәңгілік жасауы әрбір қазақ өкіліне байланысты. Тілін терең сезініп, салт-дәстүрін біліп қана қоймай, берік ұстана білетін, ұлттық құндылықты ұлықтай білетін ұрпағымыз көбейсін! Ұлттық құндылықтарымыздың мәңгілік алау секілді лаулап кеудемізде, жанымызда жанып, жарқырап тұруы үшін күресе білейік! Біз үшін ең маңызды – ұлтымыздың қорғаны болған ұлттық құндылықтарымыз мәңгілік жасасын!»-деп сөзін аяқтады.
Ауданның құрметті азаматы Аманкелді Қабылбеков өз сөзінде:
Жастар тәрбиесінде көпшіліктің мазасын алатын мәселелерді назарға алу, өскелең ұрпақтың санасын жаңғырту, «ұят болады» деген сөзбен тоқтау жасап, олардың тәрбиесіне немқұрайлылық танытпау.
Ойланбай жасаған балалардың әрекеті неше түрлі қайғылы оқиғаларға әкелуде. Бұдан тек өзіміз, өз отбасыларымыз зардап шегеді. Түптеп келгенде, барлығы өзіміздің балаларымыз. Сондықтан, өзгенің емес, өз ортамыздың түйткілдерін, өзіміз бірлесіп шешуіміз қажет — деп сөзін қорытындылады.
Кездесу барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Пікір жазу