Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Хасанов Бахытбек Сембекұлы жаңадан тағайындалған басшыларды ұжымдарына таныстырды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы лауазымына Сарыбеков Нұрлан Өмірбекұлы және аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры қызметіне Қазанғапов Абзал Дәулетәліұлдарын тағайындауларымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Әлеуметтік салаға келген қос бірдей басшыларды «АМАНАТ» партиясы Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Абдикадиров те құттықтап, партияның белсенді мүшелері ретінде саланың дамуына өзіндік үлес қосуларына тілектес болды.
«Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры қызметіне Қазанғапов Абзал Дәулетәліұлы 1990 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.
Білімі жоғары. 2011 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдау ұйымдастыру мамандығын бітірген.
Алғашқы еңбек жолын 2012 жылы Шымкент өңірлік мемлекеттік мұрағатында мұрағатшы болып бастаған.
2015-2017 жылдары Қазақстан Республикасы инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитетінің Алматы облысы бойынша көлікті бақылау инспекциясының теміржол көлігіндегі бақылау бөлімінің бас маманы болды.
2017-2021 жылдары бұрынғы атауы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің жетекші маманы, Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитетінің Астана қаласы бойынша темір жол көлігіндегі бақылау басқармасының сарапшысы қызметтерінде еңбегін жалғастырып, аталған комитеттің Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының темір жол және су көлігіндегі бақылау бөлімін басқарды.
2021 жылдың 25 мамырынан ағымдағы жылдың 3 қазанына дейін Сайрам ауданы әкімінің көмекшісі қызметін атқарған.
Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы лауазымына Сарыбеков Нұрлан Өмірбекұлы тағайындалды. Сарыбеков Нұрлан Өмірбекұлы Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында 1982 жылы дүниеге келген.
Білімі жоғары. 2003 жылы Қазақ-Өзбек инженерлік-гуманитарлық университетінің құқықтану мамандығы бойынша оқып бітірген.
Алғашқы еңбек жолын 2006 жылы Сайрам ауданында «Бірлік Кредит» жауапкершілігі шектеулі серіктестегінің заңгері болып бастаған. 2009-2011 жылдары аралығында Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маман-заңгері міндетін атқарушысы, бас маман-заңгері, 2011-2019 жылдары «Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы, «Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің меңгерушісі болды.
2019 жылдың 9 қыркүйегінен ағымдағы жылдың 3 қазанына дейін «Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры қызметін атқарған.