Бүгін Сайрам ауданының Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз жолы — ұлы жол» атты мерекелік іс-шара аталып өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Мәдениет үйінің кіре-берісінде скрипка және қазақтың ұлттық қобыз аспаптарымен ән-күй тартылып, көпшілікке тамаша әсерін қалдырды.
Сайрам ауданының әкімі Уласбек Сәдібеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев және аудан прокуроры Даулет Тлемисовпен бірге «Оқушылар үйінің» үйірмесіндегі балалардың сурет салу өнерімен танысты.
Іс-шара №1 Сайрам саз балалар мектебінің хор ұжымының «Ұстазым» әнін орындауымен басталды. Аудан әкімі білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттады.
— Қадірлі ұстаздар қауымы, барша білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген құрметіміз ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы — адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» – демекші, ұстаздық қашанда мәртебелі мамандық. Себебі, ұстаздарымыз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлғалар. Бүгінде мемлекет мұғалімдерді қолдау және балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барынша жағдай жасауға басымдық беріп отыр. Білім көшін болашаққа жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына деген құрмет жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, бұл мамандыққа деген жауапкершіліктің де жүгі ауырлағаны сөзсіз. Еліміздің ертеңі сіздердің қолдарыңызда, кәсіби құзіреттеріңізді сәт сайын дамытып, шыңдала беріңіздер, ұстаз деген ұлы атқа лайықты болыңыздар! Ұрпақ тәрбиесіндегі еткен еңбектеріңіз жемісті, нәтижелі болсын! Әрқайсысыларыңызға шығармашылық табыстар тілеймін! Шәкірттеріңіздің жетістіктері мол болсын!
Мерекелік шарада түрлі деңгейде марапаттар ұйымдастырылып, бірқатар білім қызметкері марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Құрмет грамотасымен аудандағы Оқушылар үйінің директоры В.Якупова, сонан соң Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының алғыс хаттарымен №14 Сапарбаев атындағы жалпы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі П.Лапаева және Далабазар жалпы орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Т.Юлдашевтер марапатталды. Одан бөлек, Түркістан облысының іскер әйелдер кеңесінің төсбелгісі ардагер ұстаз, «Нұрбала» және «Димаш», «Раушан ана» бөбекжайларының құрылтайшысы Р.Ерназароваға табыс етілді.
Сондай-ақ, бірнеше мектептің пән мұғалімдеріне аудан әкімінің алғыс хаттары тапсырылды.
Келесі кезекте аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қ.Арап ізгі тілегін жеткізді.
Марапаттау рәсімі жалғасып, республикалық «Үздік педагог — 2022» конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаз мұғалімдері дипломдарға ие болды.
Аудан прокуроры және М.Мақатаев атындағы жалпы орта мектебінің жас ұстазы С.Запороженко ыстық ықыласын жолдады.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, білім саласының ардагерлеріне сый-сияпаттар мен құрмет көрсетілді.