Бүгін Сайрам ауданы әкімінің бастамасымен Қайнарбұлақ ауылдық округінде «Ауыл – Ел тірегі» жобасы аясында онкүндік іс-шараның ашылуы өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімшілігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев төрағалық етті.
Ауылдық округінің әкімі онкүндік іс-шараның жоспарына сәйкес, атқарылатын 25 іс-шараны рет-ретімен таныстырды. Сөзіне қарағанда, онкүндік жоспарға елді мекендерді абаттандыру, көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалық және де шешімін қажет ететін өзекті мәселелер енгізіліп, мүмкіндігінше атқарылатын жұмыстарды қамтамасыз етуге бағытталған.
Келесі кезекте аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы М.Нұрлыбаев аталған жоба аясында белгіленген мерзім ішінде ауыл аумағындағы әрбір елді мекеннің тыныс-тіршілігімен етене танысып, өзекті мәселелерін зерделей келе, оның шешу жолдарын қарастыруды мақсат етіп отырғанын жеткізді. Бөлімдер тарапынан атқарылатын жұмыстар қадағаланатын, сонымен қатар жеке қабылдаулар өткізілетінін де қосымша түсіндірді.
Жиын барысында Шухратулла Азатуллаұлы және жергілікті тұрғындар коммуналдық жүйелерді жақсарту және абаттандыру жұмыстарына назар аудару жөнінде ой-пікірлерін айтып, электр жарығын қамтамасыз ететін мекемеге қатысты сындарын да тілге тиек етті.
Ауылдық округінде жүзеге асырылатын іс-шаралардың барысы алдағы уақытта тарқатылатын болады.