Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ

ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ

Отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Бала өз отбасында ата мен әже, әке мен шешенің, бауырлардың қарым-қатынасын көріп, солардан үлгі алады. «Дәулет есіктен – ақыл бесіктен», – демекші, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Осындай ынтымағы жарасқан үлгілі отбасы – Жантасовтар отбасы. Қазығұрт елдімекені тұрғыны Жантасов Қамбар Күздешұлы Сарапхана елдімекенінің тумасы. Отбасының тірегі, алтын діңгегі 1983-жылы Қызылқияның қызы Өмешова Боранкүл екеуі шаңырақ көтерді. Аудан орталығы Қазығұртта еңбек етіп, үлкен құрметке ие болды. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардан бірнеше немере сүйіп отыр.
Отағасы Қамбар еңбек жолын Жамбыл гидромелиоративті институтын бітірген соң, құрылыс мастері болып бастады. Облыс көлеміндегі су шаруашылығы құрылысында, оның ішінде ауданымыздың аумағынан өтетін «Үлкен Келес» магистралды каналымен 14000 гектар суармалы жерді құрайтын «Келес» массивінің құрылыстарын жүргізуге аянбай еңбек сіңірді. Трест басшысының Құрмет грамотасымен марапатталған. Ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, «Болашақ» мектеп-гимназиясын 2009-жылы Алтын белгіге бітірген Мөлдір қызының жетістіктері үшін аудан әкімі Н.Әжіметовтың Алғыс хатымен марапатталды. Сол жылы қызы Мөлдір «Надежда Казахстана» кітабына енді. Ағылшын тілінен бірнеше жыл қатарынан аудандық олимпиада жеңімпазы болды. Облыстық олимпиадаларға, тағы сол сияқты байқауларға қатысты.
Бүгінгі күнде Қамбар зейнеткер, өмір ағымына сай кәсіпкерлік саласында еңбек етуде.
Ал, жұбайы Жантасова Боранкүл бүкіл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, жас ұрпақтың бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені дарытқан қазығұрттық ұлағатты ұстаз.
Бастауыш сынып мұғалімі, директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Ел мақтанына айналған ұстаздың өмірі мен еңбек жолы, шығармашылығы жайлы айтпау мүмкін емес. «Әлем тізгіні білімдінің қолында» атты әдістемелік кітап шығарды. «Алып анадан туады», «Азамат», «Ерте сынған қылыш», «Әкемдей болған қамқоршым», «Анам жайлы сыр шертем», «Анасы бар адамда арман бар ма?», «Анамның академиясы», «Ынтымақтың үлгісі болған қос әже», «Айнұрға», «Әбіл аға» және басқа да көптеген мақалалары «Оңтүстік Қазақстан», «Зейнеткерлер тынысы», «Қазығұрт тынысы», «Халық үні» газеттерінде жарияланған. «Қазығұрт тынысы» газетінің штаттан тыс тілшісі.
Асыл жар, абзал ана, ұлағатты ұстаздың елге сіңірген еңбектері ескерусіз емес. Қазақстан Республикасы білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» медальдарымен, «Ел құрметі» қоғамдық қорының Алғыс хатымен және «Ұлағатты әже» медалімен марапатталған.
2013-жылдан аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» мүшесі. 2018-жылдан Қазығұрт ауыл округі бойынша «Әжелер алқасының» төрайымы қызметін атқарып келеді. Кезінде аудан орталығында ашылған «Мейір» телеарнасында редакторлық қызмет атқарды. Сол уақытта енесі Зылиқа Сапарқызы жайлы «Ана мерейі» деген тақырыпта материал шығарды.
Бұл күнде әріптестері мен замандастары «Көмейіне бұлбұл ұялаған ана», «Қара сөздің қас шебері» деп, оның өнерін жоғары бағалайды. Ал, біз қазығұрттық әжелер Боранкүлді Зере әжеге теңеп «Біздің Зере әжеміз» деп мақтан тұтамыз. Оның парасат-пайымын, дархан көңілін, жомарттығын, тілге шешендігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Аудандық әжелер алқасының кеңесшісі, «Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері Абдулла Төлбасы әжеміз «Ақ тілек» деген арнау өлең жазған (ол 2009-жылы мектеп журналына жарияланған).
Ұстазардың ұстазысың, ұлысың,
Өзгелерге үлгі сенің әр ісің.
Шәкірттерге білім беріп аянбай,
«Үздік ұстаз» атанып та сен жүрсің.

Тілің шешен, сөзің бал, өзің әсел,
Әр сөзіңнен тыңдаушың алар әсер.
Шәкірттердің білімін көрген сайын,
Қуаныштан сенің де көңілің өсер, – деп еңбегін жоғары бағалаған.
Ал, 2019-жылы Боранкүлге тағы да құттықтау арнау жазды. «Біздің әжелеріміз – кіл мықтылар ғой», – деп отыратын Боранкүл әжеміздің бітім-болмысын, асыл ана, ардақты әже екендігін, «Зере әже» деп ардақ тұтатынымызды бір шумақ өлең жолдарына сыйдырды.

Боран ұйытқып тұрған кезде туылсаң да жылысың.
Ұлылардың ішіндегі дара туған ұлысың.
Жаны жайсаң, жүрегі кең, ақ көңіл,
Ұл өсірген ақ Зередей әжелердің бірісің, – деп өнегелі істерін үлгі тұтты, еңбегінің өлшеусіз екендігін ұрпаққа дәріптеді.
Осы ретте біз Боранкүл екеуміз сыйлас дос, құрбы екенімді мақтан тұтамын. Менің тұңғыш балам Бабыр мен Боранкүлдің ұлы Жандос екеуі дос. Қазіргі таңда отбасылық сыйлас жандар. Біздің көз қуанышымыз, перзенттеріміз достығымызды жалғасты­рып жатқанының өзі ғажап, көңіл қуантады.
Қамбар екеуі тәрбиелеген ұл-қыздары бәрі жоғары білімді. Тұңғыш перзенті Балнұр қызы мен Асқар күйеу баласы дәрігер.
Ұлы Жандос «Болашақ» мектеп-гимназиясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Келіні Перизат бас­тауыш сынып мұғалімі. Екінші ұлы Елдос жоғары білімді, экономист. Түркістан облысы «Мақта капитал» ЖШС-інде дайын өнімді сату және логистика бөлімінің басшысы. Келіні Арай бастауыш сынып мұғалімі.
Кенже қызы Мөлдір жоғары білімді. «Santehocean» ЖШС директоры. Күйеу баласы Нұрсұлтан ҰҚК-де қызмет істейді.
Бүгінгі ұрпақ жасыл өскін, ертеңгі бәйтерек. Соның бір бөлшегі менің немерелерім дейді Боранкүл. Немерелерін ертіп ертегі айтып, ертеңгі күнге саналы ұрпақ тәрбиелеп жатыр. Кәусарын, Қарақатын, Аяла мен Әминасын, Айзере мен Айшасын өмірімнің бөлшегі, көзімнің нұры деп мақтаныш сезімге бөленеді. Ал, Нұрислам – нағыз балам дейді. Ұлылардың жолын жалғайтын, би, шешендердің сөзін жалғайтын, жақсылардың ізін жалғайтын, қазағымның даңқын асқақтататын перзент болса екен деп үміт артады.

Манзура АБДРАМАНОВА,
аудандық әжелер алқасының мүшесі.

 

 

 

Пікір жазу