Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЕҢБЕГІ КӨПТІҢ – ӨНБЕГІ КӨП

ЕҢБЕГІ КӨПТІҢ – ӨНБЕГІ КӨП

Ел экономикасының дамуы кәсіпкерлік саласымен тығыз байланысты. Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік – шаруашылық қызметінің маңызды түрі. Жыл өткен сайын кәсіпкерлікті дамытуға айрықша назар аударылып, басымдықтар берілуде. Қазіргі уақытта елімізде азық-түлік өнімдерін, құрылыс материалдарын, тұрмыстық тұтыну заттарын өндіру сұранысқа ие. Қазығұрт ауданының кәсіпкерлері осынау қажеттіліктерді ескеріп тиімді жұмыстарды қолға алған.
Осындай кәсіпкерлердің бірі Жаһонгир Сабитов. Ол Тұрбат елді мекенінен кішігірім өндіріс орнын ашып, брусчатка шығарумен айналысады. 2008 жылдан бастау алған өндіріс орны қазір толық қуатта жұмыс жасауда.
«Ер дәулеті — еңбек», — демекші, алдымен Ташкенттен келісім-шартпен арнайы технолог маман алдыртып, істің қыр-сырын меңгеріп бастаған. Ал, бүгінгі таңда барлық қызметкерлері мен технологтары жергілікті тұрғындар. Жалпы 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлықтары 150 – 220 мың аралығында. Түскі астары мекеме есебінен.
Қазіргі таңда өндірісін ұлғайтып, күніне 150 м2 брусчатка шығаруда. Жүкті тиеу, жинақтау үшін арнайы техника да алынған. Өнімнің кескінін келтіретін қалыптары Алматы, Шымкент қалаларынан және Өзбекстан Республикасынан әкелінеді.

Бүгінгі таңда брусчатканың 60 түрі шығарылып, дайын өнім Шымкент, Сарыағаш, Қызылорда, Тараз қалаларына жөнелтілуде. Мемлекеттік тапсырыстармен, мердігер мекемелермен де жұмыс жүргізілуде.
«Қосымша, жеткізіп беру, брусчатканы орналастыру, теру қызметі де қарастырылған. Ең бастысы сапасына 10 жыл кепілдік береміз. Өз қалауыңыздағы кескінді таңдау үшін өнім түрлері туралы арнайы каталогымыз да бар. Биылғы жылдың жаңалығы «Астана» атты брусчатка арнайы тапсырыспен шығарылуда. Ауыл адамдары кәсібін дөңгелетіп, қосымша табыс тауып жатса, ауыл өміріне серпін беріп, тыныс ашылады емес пе?!», — дейді Ж.Сабитов.
Кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер үйінде де жеке шаруашылықпен, қара мал және қой бордақылаумен айналысатынын айтып өтті. Ал, болашақта Тұрбат елді мекенінен консервіленген өнімдерді шығаратын өндіріс орнын ашу жоспары бар екен.

Олжас ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ

 

 

Пікір жазу