Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » САЙРАМ: БҮГІН Д.ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ 1200 ОРЫНДЫҚ ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП АШЫЛДЫ

САЙРАМ: БҮГІН Д.ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ 1200 ОРЫНДЫҚ ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Бүгін Сайрам ауданы жаңа білім ұясымен толықты. Аудан орталығы Ақсукент ауылдық округіндегі Балуан Шолақ көшесінде орналасқан ғимараттың құрылысы ағымдағы жылдың мамырында басталып, қазан айында аяқталды. Биыл жеке кәсіпкер Сулайманов Низамхан Сулайманұлы бірнеше жекеменшік мектепті халықтың игілігіне тапсырды. Мектеп аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімімен аталды. Заманауи және типтік үлгідегі 1200 орындыққа арналған білім нысанының құрылысына 2 млрд. жуық қаржы жұмсалған. Мердігер мекеме «Авторемстрой — LTD».
Аудан аумағында 15 жекеменшік мектеп бар болса, оның 7-уі ағымдағы жылдың 7 айында аталғаны кәсіпкердің демеуімен салынды. Қазіргі таңда 4375 аса бала білім алуда. Балалардың бір ауысымда білім алып, қалған бос уақыттарында пәндік, спорттық және өнер үйірмелеріне қатысуына қажетті жағдай жасалған.
Жаңа мектеп қажетті жабдықтармен жабдықталған. Атап айтқанда, мектеп базасында 80 сынып комплектісі, спортзал, 30 интерактивті тақта, 45 компьютер, робототехника, биология, химия, физика лаборатория кабинеттері, 400 орындыққа арналған асхана және акт зал, гимнастикалық зал, ашық және жабық футбол алаңдары, қысқы бассейн, кітапхана бар. Тасымалдау қызметі де ұйымдастырылған.
Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, аудан әкімінің кеңесшісі Рысқұл Есполай, Ақсукент ауылдық округінің әкімі Абдиманат Бурбеков, тиісті сала басшылары, ұстаздар қауымы, ауыл тұрғындары және облыстан келген қонақтар қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі жеке кәсіпкердің халыққа жасап отырған игі бастамасын қолдап, Низамхан Сулайманұлының айрықша еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат» орденімен наградталғанымен құттықтады. Сөзінің соңында кәсіпкер мен ұстаздардың еңбектеріне шығармашылық табыс, отбасыларына бақ-береке мен амандық тілеп, сонымен қатар білім саласының дамуына қосып отырған елеулі үлестері үшін алғысын жеткізді.
Кәсіпкер мектептің директорына алтын түсті кілтті қолына тапсырған соң, лента қию рәсімі жалғасты.
Шара соңында аудан басшысы және қонақтар жаңа ғимараттың ішін аралады.

Пікір жазу