Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » САЙРАМДЫҚ АҚЫН ҚЫРҒЫЗСТАН ЕЛІНДЕ ӨТКЕН «ДОСТЫҚ КӨПІРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНКУРСЫНДА ГРАН-ПРИ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

САЙРАМДЫҚ АҚЫН ҚЫРҒЫЗСТАН ЕЛІНДЕ ӨТКЕН «ДОСТЫҚ КӨПІРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНКУРСЫНДА ГРАН-ПРИ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Шын ақын — өз жүрегінің ғана хатшысы. Ол өз жүрегінен шықпаған сөз айтпайды. Өз сезімінің елегінен өткізбей, лебіз білдірмейді. Өз парасатының таразысына салмай, басқаның санасын сандалтып, ақылын абыржытпайды.
Осындай сезімі мен сөзін өлеңмен өрнектеп, ішкі сырын жеткізе отырып, халықтың бірлігін сақтауға, жастарды елін сүюге рухтандыру жолында Сайрам ауданының тумасы Тіленшина Баян Керімқызы елеулі үлесін қосып келеді.
Қырғызстан елінде «Қырғыз ақын-жазушылары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шығармашылық конкурсқа 6 мемлекеттен ақындар келіп қатысты. Өздерінің шығармаларын халыққа таныстырып, бақ сынасты.
Конкурс нәтижесімен Сайрам ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының және Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы және Ш.Айтматов атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, ақын, сазгер, жазушы Тіленшина Баян Керімқызы Қырғызстанда өткен «Достық көпірі» халықаралық конкурстың гран-при иегері атанып, «Алтын қалам» дипломымен марапатталды. Әні мен сөзін жазған Баян Керімқызының «Қазақ пен қырғыз бір туған» туындысы ақындар арасында үздік деп танылды. Түркі әлемі Жазушылар одағының президенті алғысын жеткізіп, марапаттарын тапсырды.
Автордың өлеңінде еліміз Қырғызстан мемлекетімен шекараласа отырып, бауырластығы мен достық қарым-қатынасы насихатталып, әсерлі жеткізілген.
Баян Керімқызының шығармашылығы ауданнан бөлек, облыс өңіріне кеңінен таралып, танылған. Атап айтқанда, тұңғыш «Қарлығаш» жыр жинағы, жарық көріп, осы бастау жалғасын тауып, «Қанат қақты», «Ғашықнама», «Шабыт шашуы», «Жыр додасы», «Жұлдыз жүрек» атты жыр жинақтары және «Қиямет-қайым», «Ғибрат», «Сұрқия», «Арман- дүние» романдары сынды дүниеге келген. Кезінде Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза, Мархабат Байғұт сынды жазушы-журналисттер тарапынан қазақ руханиятына қосылған стилі өзгеше үлес деп жоғары бағаланған болатын.
Кейінгі жылдары ақынның «Жұлдыз жүрек», «Шабыт шашуы», «Жыр додасы», «Ғашық нама», «Таным», «Тағылым», «Тағзым», «Тілек», «Тұғыр», «Түйін», «Тамыр» атты 12 жыр жинағы жарық көрген.
Оңтүстік өңірінің, Астана, Түркістан қалалары және Сайрам ауданының мерейтойына әні мен сөзін жазып, тарту еткен. Өткізілген облыстық және ауданаралық жазба ақындар арасында бірнеше рет жүлделі орындардан көрінді. Оның ішінде «Оңтүстік маршы», «Тұран туы — Түркістан» әндерімен облыстық фестивальде бас жүлделі болып, «Ұлы дала» арнаулы сыйлығымен табысталды. Ауданда кең тараған «Сайрам елім», «Менің Сайрамым» және тағы басқа әндері бар.
Б.Тленшинаның «Таңдамалы шығармалар жинағы» 4 томдық авторлық кітаптарының тұсаукесері және жалпы шығармашылық еңбектері Шымкент қаласындағы Түркістан сарайы, Отырар кітапханасы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент Педагогикалық институты, Сайрам ауданындағы Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйлерінде әдеби кештері мен ғылыми-конференциялық кездесулер өткізілді. Бұл кездесулерге «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі М.Байғұт, белгілі ақын Н.Бегалиев, марқұм жазушы Е.Тұрысов секілді өнер тарландары қонақта болған.
Автордың құрметіне 2018 жылы Отырар кітапханасында Баян Тленшинаға арналған ақындық бұрыш ашылған. Сондай-ақ, 2019 жылы облыс бойынша «Баян оқулары» атты танымдық оқулары өтіп, Отырар кітапхасы арнайы кітап жазып, таратқан.
Соңғы жылдары облыс аумағында жастар арасында «Баян оқулары» жүргізіліп, қаламгер еңбектері оқырман мен ғалымдар арасында қызығушылық танытуда.
Әдеби туындылары өзбек, қырғыз және ағылшын тілдеріне аударылуда.
Айта кетелік, 2020 жылы Бішкекте өткен 6 мемлекет ақындары қатысқан жыр сайысында ІІІ дәрежелі дипломын иеленген болатын.
Баян Керімқызын марапатымен құттықтай отырып, мағыналы жырдың иесі алдағы уақытта да сезімге толы сырлы, тәлімге толы құнды жырларымен өлең сүйер қауымын қуанта берсін!

Пікір жазу