Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің төрағалығымен өткен жиналыста аудан орталығындағы заңсыз тасымалдау қызметі, заңсыз орналасқан автотұрақтар және абаттандыру, санитарлық тазалық сақтау мәселелері қаралды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, аудан әкімінің кеңесшісі Рысқұл Есполай, аудандық Сайрам ауданының полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ә.Сейітбеков, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев және Ақсукент ауылдық округінің әкімі Абдиманат Бурбеков қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты құқық қорғау органдарының қызметкерлері орталық көшелерге бекітіліп, құқықбұзушылық және жол ережелерін бұзу фактілері бойынша айыппұл салынып, рейдтік шаралардың тұрақты ұйымдастырылып жатқанын, тиісті бөлім және ауылдық округінің әкімі тарапынан тазалыққа қатысты атқарылған жұмыстарын баяндады.
Аудан әкімі жоғарыдағы басшылардың берген жауаптарына қанағаттанбай, келесі кемшіліктерді атап өтіп, тапсырмаларды жүктеді.
— Әкімдіктің әлеуметтік желілеріне түсіп жатқан тұрғындардың сын-пікірлері, сұраныстары мен шағымдарының көбісі Ақсукент ауылдық округіне қатысты. Нақты айтқанда, орталық Жібек жолы және Абылайхан көшелеріндегі көтерме сауда орталықтары мен сауда орындарындағы, Ақсукент-2 ауылына қарай темір жол торабына дейінгі жол бойында орын алып отырған көлік кептелестері мен заңсыз тұрақтардың орналасуы, «Мәртөбе» алаңындағы ретсіз қоқыстардың шашылып жатқаны, сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің маңайындағы ретті қоқыстардың уақытылы тазаланбауы. Осы мәселелер күн тәртібінде жиі талқыланғанымен, бүгінгі күнге дейін нәтижесі болмай отыр. Жауапты сала басшылары мен округінің әкімі тарапынан тәртіпке келтірудің қажеттігі бірнеше рет ескертілуде. Дегенменде, мұндай кемшіліктер қайталануда.
Осыған немқұрайлықпен қарауды тоқтатып, өз құзыреттеріңіздің шегінде нақты жұмыс жүргізіңіздер, соның барлығын әлеуметтік желілерде көрсетіңіздер.
Ұласбек Сәдібекұлы жиналысты қорытындылай келе, ауылдық округінің аумағында тазалық жұмыстарын өз деңгейінде жүргізу, қоғамдық тәртіпті орнату, заңсыз автотұрақтарды жою жұмыстарына 1 апта уақыт берді. Алдағы уақытта кемшіліктер ретке келтірілмеген жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.