Бүгін Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков аудандағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон орындарының жағдайымен танысты, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жиналысқа аудан әкімінің кеңесшісі Рысқұл Есполай, әкім аппаратының ұйымдастыру бөлімшесі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жер қатынастары және ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Бөлім басшысы Б.Бейсембаев аудан аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигондардың жайын баяндап, өзекті мәселесіне тоқталып өтті.
Қарабұлақ және Манкент ауылдық округтерінің аумақтарында орналасқан полигондарға қоршаған ортаға эмиссия қағаздары алынып, аудандағы 2-ші деңгейлі банктерде тарату қорлары ашылған.
Қарабұлақ ауылындағы ҚТҚ тастайтын полигоны облыс әкімдігінің тиісті қаулысымен қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонды ашу үшін 6,5 га жер учаскесі бекітілген. Облыстық құрылыс басқармасының тарапынан құрылыс жұмыстары аяқталып, полигон мемлекеттік пайдалануға қабылданған. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, елді мекеннен 1000 м арақашықты сақталуы тиіс болғандықтан, полигон аумағында қоқыстарды орналастыру үшін 1,89 га жер учаскесі қалдырылды.
Манкент ауылындағы ҚТҚ тастайтын полигон Сайрам ауданы әкімдігінің тиісті қаулысымен бекітіліп, жер теліміне мемлекеттік акт алынған. Жалпы жер ауданы 1,0 гектарды құрайды. Полигон «Манкент» өндірістік кооперативінің жеке меншігінде.
Қайнарбұлақ ауылындағы ҚТҚ тастайтын полигоны Тоған елді мекенінің маңайынан 10,0 га жер учаскесі қарастырылып, толық құжаттандырылған. Аудандық бюджет есебінен қаражат қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурстың нәтижесінде «Арх-комплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып анықталды. Конкурстық құны 6,6 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда аталған мекеме тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Алайда, жобалық-сметалық құжатын мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін экологиялық сараптама қорытындысын алу үшін бюджет есебінен 2,2 млн. теңге қаражат қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Конкурстың қорытындысымен жеке кәсіпкер «Баймаханова» мекемесі жеңімпаз болып анықталды. Келісімшарт бойынша аталған мекеме тарапынан тиісті құжаттар әзірленіп, Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің қарауына ұсынылған.
Манкент ауылдық округі аумағындағы арнайы жер қорынан жалпы көлемі 7,0 га жайылымдық жер учаскесін қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орын ашу үшін жер учаскесі қарастырылып, топографиялық түсірілім жасалынды. Бүгінгі таңда жерге орналастыру жобасы дайындалып, ауыл шаруашылық шығындары төленді.
Аудан әкімі полигонның орнын талапқа сәйкестендіру, жаңа полигон ашу мәселесі соңғы жылдары шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселе екенін атады.
Аталған кемшіліктерді түбегейлі жою үшін аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиевке бақылауға алуды, сала басшылары ауылдық округтерінің әкімдерімен бірлесе 20 күн мерзім ішінде нақты жұмыстарды атқаруды тапсырды. Атап айтқанда, Манкент ауылдық округінің аумағында полигон орнына қарастырылған қосымша жер учаскесінің құжаттарын толық рәсімдеу, Қайнарбұлақ ауылдық округінде полигон орнын ашу үшін тиісті мекемелерден құжаттарын жинақтап, аталған нысандарды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру.
Күн тәртібінде қаралған өзекті мәселе алдағы уақытта қайта тыңдалатыны айтылды. Ал, тапсырма өз деңгейінде орындалмаған жағдайда жауапты тұлғаларға заң аясында тәртіптік шаралардың көрілетіні туралы қатаң ескертілді.