Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Бәсеке және бәсекеге қабілетті бизнес: «ALLO TAXI» ЖЫЛДАМ ЖЕТКІЗЕДІ

Бәсеке және бәсекеге қабілетті бизнес: «ALLO TAXI» ЖЫЛДАМ ЖЕТКІЗЕДІ

Жол мұраты — жету. Діттеген жерімізге аман-есен, әрі тезірек жету үшін қоғамдық көліктен бөлек, такси қызметін тұтынатынымыз бар. Бүгінде көшеде қол бұлғап такси тоқтатып тұратындар некен- саяқ. Такси қызметіне қоңырау шалсаңыз болғаны, үйіңіздің алдына дейін келіп алып кетіп, аяғыңызды жерге тигізбей, баратын жеріңізге жеткізеді. Өзім де такси қызметінің тұтынушысымын. Бір күнде кемінде бір рет такси қызметін қолданамын. Бұрындары ауданымызда арнаулы такси қызметі жоқ болатын. Ешбір жерге тіркелмеген такси жүргізушілеріне жүгінсең, аузына келген бағаны айтып, қалтаңды қағатын, кейде айтқан бағасына келісе алмай амалсыз қоғамдық көлікке отыратынбыз. Оның үстіне мұндай такси жүргізушілеріне сенім жоқ. Көпшілігі жол ережесін сақтамайды, көліктерінен бензин мен темекінің қолаңса иісі аңқиды, одан бөлек алдындағы көліктермен жарысып зәреңді алады. Қысқасы, әлгі көліктен тезірек түсіп кетуге асығасың. Сайрам ауданында «ALLO TAXI» қызметі пайда болғалы мұндай жайсыздықтың барлығын ұмыттық. Шақырған жеріңе 10 минутта жетіп келетін таксидің қызмет құны тиімді.
Сайрам ауданының тұрғыны, кәсіпкер Алтыбаев Дәулет Есмаханбетұлы ауданда арнаулы такси қызметінің жоқ екенін ескеріп, былтыр сәуір айында Ақсукент ауылынан «ALLO TAXI» қызмет түрін ашқан. Содан бері такси шақырушылардың саны толастаған емес. «Алло такси» қызметіне 150-ден астам көлік тіркелген. Таңғы сағат 7.00-ден түн-
гі сағат 3.00-ге дейін халыққа қызмет ететін такси жүргізушілеріне тұтынушылар дән риза. «Алло такси» қызметінің директоры Дәулет Есмаханбетұлының айтуынша бір күнде 800-ден аса шақыртулар түседі екен.
— Мереке күндері тіпті үлгере алмай жататынымыз жасырын емес, осындай кезде байланыс телефондарымыз босамай жатады, мұндай кезде Play маркеттен «ALLO TAXI» қызметінің қосымшасы арқылы таксиді шақыртуға болады. Такси қызметіне шақырту қоңырауы түскен кезде біз олардан қандай көлік түрі керек екенін міндетті түрде сұраймыз. Себебі, бізде көліктердің комфорт, эконом және 7 адамға арналған көлік түрлері қарастырылған. Еліміздің барлық қалаларына жеткіземіз. Қызмет құны 1 шақырымға 60 теңгеден есептеледі, — дейді ол. Такси қызметінде жеткізу қызметі де бар. Жұма күндері жұма намазға баратындарды тегін жеткізеді. Жеке кәсіпкер Дәулет Алтыбаев бұл кәсіпті ашарда мемлекеттен көмек алмаған. Алдағы уақытта мемлекеттен қандай да бір көмек түрі көрсетілсе өз кәсібінің аясын кеңейтпек ниетте.
С. Абылбекова.

Пікір жазу