Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ТҮРКІ ӘЛЕМІ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ ТҮРКІСТАНДА

ТҮРКІ ӘЛЕМІ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ ТҮРКІСТАНДА

«Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында түркі әлемі қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті. Қасиетті шаһардағы аталған шараға елімізден бөлек түркі тілдес бірқатар елдерден бармағынан бал тамған шеберлер қатысты. Аталған басқосу ТҮРКСОЙ шеңберінде жыл бойы өткен ірі халықаралық шаралардың соңғысына саяды.

Қолөнер шеберлерінің халықаралық фестивалінде сөз алған Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев Түркістанның биыл шарықтаған жылы болғанын айта келе, жалпы жетпістен астам жобалар іске асса, оның қырыққа жуығы халықаралық деңгейдегі басқосулар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, шаһар басшысы шығармашылық оңайлықпен келмейтін шабыт екенін және бұл, әсіресе, қолөнер саласында асқан қайсарлықты талап ететінін де назардан тыс қалдырмады. Ал ТҮРКСОЙ-дың қазақстандық өкілі А.Тұрғанбаев: «Қолөнер – бұл өлмес өнер. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бекзат өнерімізді жоғалтып алмау біздің парызымыз. Бұл өнерді кейінгі жастарға беріп кету қажет. Сондықтан да бұл фестивалдің маңызы ерекше. Өзге бауырлас елдер қолөнершілерімен тәжірибе алмасу да бүгінгі арнайы өткен көрмеден көрініс тапты. Түркістан бір жылдық қала емес, мәңгілік рухани астанамыз болып қала бермек», – деді. Сонымен бірге ол қолөнер саласындағы бұл фестиваль ТҮРКСОЙ аясында алғаш қосылғанын және алдағы мәдени астаналарда да өз жалғасын табатындығын тілге тиек етті.

Шара соңы қонақтарды Қолөнер мектебінің шебарханасында шеберлік сыныптармен таныстыру және Этнографиялық музейде бас қосып өзара пікіралмасулармен жалғасты.

Өз тілшімізден

Пікір жазу