Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

«Дүниежүзілік тазалық күніне» орай бүгін Түркістан облысында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған сенбілікке оның орынбасарлары, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Ерлан Абдиев қатысып, түркістандықтармен бірге «Жібек жолы» саябағында ағаш екті. Тазалық шарасына 1 мыңға жуық түркістандық белсене атсалысты.
Қала әкімі табиғат жанашырларына алғысын айтып, барша жерлестерді табиғатты аялауға, тазалық сақтауға шақырды. Тек қана сенбілік есебінде аталып өтпей, жүйелі түрде жасалатын іс болуы керек екенін айтты.
Қала аумағында ұйымдастырылған шараға мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, кәсіпкерлер, қала тұрғындары мен еріктілер белсенділік танытып, туған жердің тазалығына үлес қосуда. Сенбілікте саябақтар мен гүлзарларға екі жүзге жуық қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Оларды болашақта бағып-күтуге арнайы мекеме бекітілді. Көгалдандыру жұмыстары жаппай жүргізіліп жатыр.
«Дүниежүзілік тазалық күні» — ғаламшардың тазалығы үшін күресте әлемнің 180 елін біріктірген біздің заманымыздың ең ірі азаматтық қозғалыстарының бірі. Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінен еріктілер жерді қоқыстардан тазарту үшін жиналады. Жағажайлар, өзендер, ормандар мен көшелер қоқыстардан тазаланады. Науқанның негізгі міндеттерінің бірі – жұртшылықты экологиялық сауаттылыққа баулу.

 

 

Пікір жазу