Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » «ПАРАСАТ» ПІКІРТАЛАС КЛУБЫНЫҢ ТОҒЫЗЫНШЫ ОТЫРЫСЫНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«ПАРАСАТ» ПІКІРТАЛАС КЛУБЫНЫҢ ТОҒЫЗЫНШЫ ОТЫРЫСЫНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков Манкент ауылдық округінің аумағында Әл-Фараби атындағы жекеменшік жалпы орта мектебінде өткен «Парасат» пікірталас клубының ІХ отырысына қатысты.
Отырыс барысында аудандағы ауыз су жүйелерімен қамту барысында атқарылған жұмыстар мен шешімін қажет ететін мәселелер қаралды.
Жиынды аудандық «Қоғамдық кеңестің» белсенді мүшесі Серікбаев Батырбек Қадырбекұлы ашып, жүргізіп отырады.
Сөздің бірінші кезегінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалдың Атқарушы хатшысы Алмас Абдикадиров клубының VIIІ отырысында көтерілген мәселелер мен хаттамалық тапсырмалардың орындалуын баяндап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша әзірленген арнайы бейнеролик көрсетілді.
Келесі кезекте Б.Серікбаев аталған тақырып бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарына тоқталды.
— Өздеріңізге белгілі, ауыз су соңғы жылдары ауданымызда өзекті мәселеге айналуда. Биылғы жазда тұрғындар тарапынан ауыз судың бірнеше күн болмай қалуы, көпқабатты үйлердің жоғары қабатына шықпауы көп көтерілді.
Әсіресе, Ақсукент, Әйтеке би, Жібек жолы ауыл тұрғындары республикалық телеарналар мен блогерлерді шақырып, шағымданған болатын. Ал, аудан әкімдігі тарапынан ашылған телеграм чатында да жиі қозғалды.
Осындай мәселелерді шешу мақсатында мемлекет тарапынан тиісті қаржы қарастыру жұмыстары қолға алынған. Аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен ақша мәселесі шешіліп те жатыр. Алайда, ауылдардағы ауыз су немесе басқа да өзекті мәселелер болсын оның шешілуі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, бөлініп жатқан қаржы бойынша нақты ақпарат уақтылы жетпей жатады. Шындап келгенде, ол мәселені шешу бойынша қаржы қаралап, мемлекеттік сатып алу процесінде тұрған болуы мүмкін. Биылғы жылы Жібек жолы ауылдық округі бойынша ауыз су жүйесіне зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тозығы жеткен құбырларды ауыстыру үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып, жергілікті бюджет есебінен қажетті қаржы қарастырылған. Аталған жұмыстар қазіргі таңда толық аяқталып, Машат елді мекеніне бөлек су құбыры тартылуының нәтижесінде мәселе шешімін тапты. Қарабұлақ ауылы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Көлкент ауылдық округіне қарасты Ақсуабад ауылы бойынша 32,0 га инфрақұрылым жүйелерін (ауыз су) жүргізу үшін құрылыс жұмыстары жүргізілде. Нәтижесінде 300 тұрғын үй ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Ал, Әйтеке би ауылындағы 14 га Жаңақұрылыс аумағының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында сметалық құжаттары дайындалып, бюджетті нақтылау барысында мақұлданған. Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жаз мезгілдерінде ауыз судың тұтынушыларының көбеюінен биік нүктеде орналасқан тұрғын үйлерге ауыз су көтерілмеуіне байланысты, Ақбұлақ, Оразалиев, Ақсукент елді мекендерінде қосымша су ұңғысы қазылуда. «Сайрам тазалық» мекемесі тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде қаншама жеке кәсіпкерлер мен тұрғындардың суды заңсыз пайдаланып келгендігі анықталып, тиісті құжаттары соттың қарауына жолданған. Айыппұл салынған. Осындай жұмыстардың барлығын жоққа шығаруға да болмайды.
Сонымен қатар, су есептегіш құралдарын сыртқа шығарып, темір жәшікке орналастыру, суды заңсыз пайдаланып келген жеке тұлға және жеке кәсіпкерлерді анықтап, тұрғындарымыздың назарына көрсету, бірқатар ауылдардағы (Ақсу, Ақбай, Ақбастау, Әйтеке би, Қосбұлақ, Құтарыс, Шапырашты, М.Оразалиев, Жібек жолы, Ақсуабад, Қасымбек Датқа, және Көлкент) су ұңғымаларында орналасқан электр трансформаторлары мен су сорғыштарын күтіп-баптау мақсатында арнайы қаржы қарастырудың қажеттіліктіліктерін ұсынды.
«Сайрам Тазалық» ЖШС-нің директоры Ж.Матов ауыз су тұтынушыларының берешек қарыздары, өтеуі қажет шығындарды тілге тиек етті.
Ашық алаңда талқылау өтіп, келесі отырыстың күн тәртібіне «Айна Оңтүстік» газетінің бас редакторы Агабек Даткаев және «Azatnews Azatnews» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Озипа Алтаева тарапынан электр жүйелері, клуб мүшелерінен білім саласының өзекті мәселелерін қарау туралы ұсыныстар түсіп, дауысқа салынды. Нәтижесінде, көпшіліктің дауыс санымен алдағы тоқсанда өтетін Х клуб отырысында білім саласын қарау туралы шешім қабылданып, бекітілді.
Amanat Partiyasy Sairam Audany қызметкері Амалхан Төлебек отырыстың қорытындысы бойынша Үндеу жариялады.
Аудан әкімі сөз соңында:
— бүгінгі отырыстың төрағасы және бейнероликте ауыз су мәселесі бойынша жан-жақты зерттеліп, ақпараттар толық қамтылған. Судың есептегіш құрылғыларын (счетчик) сыртқа шығарып, темір қорапқа орналастыру ұсынысын назарға алып, осы бағыттағы жұмысты қолға аламыз. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеме «Сайрам тазалық» ЖШС-і. Аталған мекеменің неше жылдан бергі 266 млн жуық қарыз берешегі жиналып қалған. Осының салдарынан қаншама кедергілерге тап болды. Қазір осы мәселе шешімін табуда.
Менің ойымша, тұрғындарға ауыз судың ақшасын төлеуді жеңілдету керек. Қазір дамыған заман, кез-келген қызмет түрін үйден шықпай смартфон арқылы пайдалануға болады. Сондықтан да ауыз судың төлемін онлайн түрде төлеуді осы жылдың соңына дейін толық шешуді тапсырамын. Бірінші кезекті осы мәселеге, яғни халыққа тиімді жолды қарастыру керекпіз.
Сонымен қатар, алдағы уақытта «Сайрам тазалық» мекеменің жұмысын жандандыру қажет деп есептеймін. Ол үшін тәжірибелі кадрлар тарту, техника мәселелерін шешу, тұрғындардың қызмет көрсетудің электронды түріне қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Және де бұған жауапты бөлімнің фунционалдық міндеті өте ауқымды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін заң аясында екіге бөлім ету қажет. Сонда жұмыстың тиімділігі артады,- деп қорытынды жасады.

Пікір жазу